БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЖЕЛАЯҚТАР

560
Бүгін таңертемен спорт сүйер көпшілік қаламыздың мақтанышы “Дендросаябаққа” жиналды. Онда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру өтті.
Іс-шараға әуесқой, белсенді қала тұрғындары, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, этномәдени бірлестік мүшелері мен қатар ассамблея жастары қатысты.
Ұйымдастырушылар жарыстың мақсаты – қаламыздағы барлық этностарды, қала тұрғындарын бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының төңірегіне топтастыру екенін атап өтті.
-Біздің күшіміз — бірлікте! Қашанда татулық пен ынтымақты ту еткен еліміз үшін өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста болып, біртұтастықта өмір сүру маңызды. Еліміздегі болып жатқан өткінші қиыншылықты да бірге еңсереміз. Қиын-қыстау кезеңде қол ұшын, көмегін аямаған этномәдени бірлестіктердің мүшелеріне барша халық атынан алғыс айтамын. Бүгінгі жаппай жүгіру күнделікті әдетке айналуы керек. Қала халқын дене шынықтырумен айналысуға шақырамын, — деді өз сөзінде Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев.
Жүгірушілер 5 шақырым қашықтықты оңай әрі жеңіл еңсеріп келді. Көбі 15-20 минутта мәреге жетті. Алғашқы болып, әрине, 2-ші спорт мектебінің жаттықтырушысы Азизхан Камилжанов жетті.
Шара соңында қатысушылардың барлығына тиісті сертификаттар табысталды.
“Шымкент келбеті”