ЕРЛІК ІСТЕРІ ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

1565
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл
Қазығұрт аудандық қорғаныс бөліміндегі ескерткіш алдында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған жиын болды. Алдымен Ауған соғысында қаза тапқан төрт боздақ пен елге аман-есен оралып келіп, соғыс зардабынан көз жұмған он сегіз жауынгердің рухына бас имам Мұрат Әлімбеков Құран бағыштады. Содан кейін ауданымыздың төбе биі, соғыс және еңбек ардагері Иса Телікбай, облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Әшіров, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Дарбеков, Ауған соғысының ардагері Төлеген Жандаров сөзге шығып, соғыстың зардабын айтып, ендігі жерде аспанымыздың ашық болғанын, бейбіт күніміздің сөнбегенін тіледі.
Ауған соғысы ардагерлері Д.Медеуов, Г.Каюпов, Д.Тұртаев, Т.Жандаров және Е.Байботаев «Ауған соғысына 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Кешегі кеңес дәуірінің саясаты бойынша, 1979-1989 жылдар аралығында, он жылға жуық уақытқа созылған соғыста көптеген отбасының шаңырағы шайқалды. Қайсыбір ана жалғыз боздағынан айрылды. Кейбір әйелдер жесір, балалар жетім, кейбір отбасы панасыз қалды. Кейбір жауынгерлер із-түзсіз жоғалып кетті. Қазығұрт ауданынан төрт боздақ: Әбілқасым Мұратов, Серік Базаров, Әбдісамат Баратов және Әбдірахман Алпысбаев Ауған соғысында қаза тапты. Жиынға жиналған көпшілік оларға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ