Қаңтар оқиғасындағы «20 мың бандит» туралы Тоқаевтың ақпаратына екі министр жауап берді

1067

Бүгін, 8 маусымда парламент мәжілісіндегі үкімет сағатынан кейін журналистер алдына шыққан ішкі істер министрі Марат Ахметжанов пен қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қаңтар оқиғасы кезінде «шабуыл жасаған 20 мың бандит» туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақпаратына байланысты Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты 5 маусымдағы референдум кезінде сайлау учаскесіне барып дауыс берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде өзі туиттер арқылы таратқан, «Алматыға шабуыл жасаған 20 мың бандит туралы» мәліметтің мән-жайын журналистерге түсіндіруге тырысқан еді.

— 20 мың деген цифрды маған құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берді. Мәселе бүкіл ел жөнінде болған. 13 қалаға бір мезгілде бандиттер шабуыл жасап, қоғамдық тәртіпті бұзбақ болды,- дейді Тоқаев жергілікті ақпарат құралдары жариялаған сөзінде.

Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде «Алматыға шабуыл жасаған 20 мың бандит» туралы туиті көп ұзамай алып тасталды.

Азаттық тілшісі осыған орай «құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары 20 мың бандит туралы президентке жалған ақпарат берді ме?» деген сұрақты қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа қойған еді.

— Мұқият тыңдасаңыз президентіміз «сөз — Қазақстанның бүкіл аумағы туралы» деп нақты айтты. Мемлекет басшысына сенейік, тергеу аяқталған соң Қазақстан халқына барлық шындық айтылады, — деді қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Ішкі істер минисрі Марат Ахметжанов «құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары Тоқаевқа қандай мәлімет бергенін білмейтінін» айтты. Ол «бұл ақпаратты құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берді» дегенде Тоқаевтың нені меңзегенін түсінбеген.

— Оның қандай мағынада айтылғанын білмеймін. Тергеу аяқталған соң белгілі болады,- деді Марат Ахметжанов.

Екі министр де биыл, Қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалған. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасынан соң қамауға алынып, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметінен кейіннен босатылған.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза болған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол күндері ескертусіз атуға бұйрық бергенін мәлімдеген. 5 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімов, кейін оның үш орынбасары «билікті күшпен басып алмақ болды» деген айыппен қамауға алынды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш департаментінің басшысы, полицияның екі департаментінің басшысы «оқиға кезінде департаментті тастап кетті» деген айыппен тұтқындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум күні айтқан мәліметіне қарағанда, Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты 5,5 мың қылмыстық іс қозғалып, 500 қылмыстық іс сотқа жолданған.