ДЕМЕУШІЛЕР БАЛАЛАРҒА МЕРЕКЕЛІК КЕШ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

832

Бүгін Шымкент қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» және «2022 жыл – Балалар жылы» аясында ұйымдастырылып, оған №3, №4 балалар үйінің жеткіншектері қатысты. Іс-шараның мақсаты – келешек ұрпақтың бойына елжанды, адал, білімді, талантты, мейірімді, жалпы адами құндылықтарын қалыптастыру. Мерекелік тарту «GRAVITY» және «Фиркан CITY» ойын сауық орталығында жасалды.

– Бала – біздің болашағымыз. Балғындарымыздың бақытты өмір сүріп, сапалы білім алуына, оларды демеп, қамқорлық таныту – біздің міндетіміз. Мереке күнінде жеткіншектердің басын қосып, олардың жалғыз емес екенін сезіндіріп, көңіл-күйін көтеріп, жүздерінен бақыттың қуанышын көргіміз келеді, — деді Шымкент қаласының білім басқарма басшысының орынбасары Гүлісхан Сайфулинқызы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Бұл туралы Қазақстан халқына арналған жаңажылдық үндеуінде айтты.

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді Президент.

Президент балаларға ерекше көңіл бөлу керек екенін жеткізді.

Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша балалар үйінде 894 бала тәрбиеленіп жатыр. Мерекелік іс-шараға №3, №4 балалар үйінің 120 тәрбиеленушісі мен 86 ата-ана қамқорлығына өткен бала қатысты. Оларға демеушілер тарапынан қолдау көрсетіліп, «GRAVITY» батутында ойнап, «Фиркан CITY» кинозалында мултьфильм мен кино тамашалап, бір сергіп қалды. Балаларға сыйлықтар үлестірілді. Мереке соңында білім басқармасының орынбасары демеушілерге өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.

А.МҰХТАРОВА