Түркістанда ежелгі мінәжат ету орны табылды

1023

Биылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі Күлтөбе қалажұртында  ханака деп аталатын ежелгі сопылық мінәжат ету ғимараты табылды. Сенсациялық олжаны «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдары тапқан. Бұл туралы аталған институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Күлтөбелік ханака – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта қызмет еткен мінәжат ету және жерлеу рәсімдері өткен сәулет ескерткіші. Мұнда кешеннің барлық үй-жайлары мен ғұрыптық залдарының қалдықтары ғана емес, дәруіш орденіне қызмет еткендердің сүйегі табылған. Мұндай ескерткіштер Түркістан об­лысындағы Отырар және Қаялық қала­жұрттарындағы екі қазақстандық ханаканы есепке алмағанда, отандық ғылымда іс жүзінде әлі белгісіз және аз зерттелген. Осыған дейін табылған ханакалар көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кіші.

«Күлтөбеден табылған ханака – Ясауи орденімен тікелей байланысты, ежелгі дәуірдің ең өзгеше құрылымдарының бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне  жақын (300 м арақашықтықта) орналасуы, жерленгендердің басының солтүстікке, яғни кесенеге қаратылуы – осыған дәлел. Сопылық және ортодоксальды исламның басты айырмашылығы қасиетті қабір­лер­ге табыну туралы И.Гальцье, В.Базилов, И.Стасевич және басқа да ғалымдардың еңбектерінде айтылған», – дейді жобаның ғылыми жетекшісі  Андрей Хазбулатов.

Оның айтуынша, қасиетті молаларға табыну қоғамдастықтың негізін қалаушы немесе сопылық орденінің ерекше құрметті мүшесі жерленген жерлерде көптеген ортаазиялық және шығыс ханакаларының болғанын айғақтайды. Орта Азияда мұндай мысалдар өте көп. Сонымен бірге әулиелерге табыну – антикада ақсақалдарға және  әулеттің негізін қалаушыға табынуға жалғасатын Қазақстанның исламға дейінгі наным-сенімдерін байқауға болады.