ЖОЛДАУ: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

791

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру мақсатында  «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ербол Байқонысовтың қатысуымен «Жаңа қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Дөңгелек үстелге департамент басшысының орынбасарлары және мамандары қатысты.

Басшы орынбасары А. Ахметов Жолдаудың мән-маңызына тоқталып, арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейтін, ауқымы кең, мазмұны да бөлектігін айта келе: «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Баршаңызға мәлім, былтыр егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда 30 жыл тым көп уақыт емес. Халқымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды, көптеген табыстарға қол жеткізді. Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін. Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, азаматтарымызға жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным» деген Мемлекет басшысының сөзімен аяқтады.
Партия өкілі Ербол Рәбілұлы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіріп, жаңа Қазақстанды құрудағы алғашқы қадамдар басталғанын жеткізді.
Оның бірі –5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу мақсатында өткізілген референдум. Ербол Рәбілұлы референдумға Шымкент қаласы халқының көп үлесі қатысып, еліміз бойынша ең белсенді түрде атсалысқанын атап өтті. Мұның өзі – үлкен жетістік екендігін, халықтың ел тағдырына келгенде сауаттылығын, өз үлестерін қосуға дайындығын мақтанышпен атап өтті. Сонымен қатар, қаңтардағы дүрбелең кезінде халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнгендігін, осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгендігін айта келе: «Барлығымыздың мақсатымыз – бір, елдің қамы, өмір сүріп отырған қаламыздың дамуы, жақсы жағынан көрінуі. Сіздердің пандемия кезінде атқарған қызметтеріңізге алғыс айтамыз, мемлекет үшін әр қызметшінің өз орны бар, ел үшін еткен еңбегіміз нәтижесін берсін» деп сөзін аяқтады.

Ұлжан ӘЗБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы