ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН

1009
Елімізде кәсіпкерлікпен айналысуға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. Аталған жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятып, талай жанның кәсібін өрге өрлетті.
Шымкенттік Сәуле Құдайбергенова мемлекеттік гранттың арқасында өзінің шағын кәсібін бастаған. Қазіргі таңда кәсіпкер аяғы ауыр аналарға арналған жастық шығарып жатыр. Бұл – сұраныстағы зат. Тігіннен хабары бар кейіпкеріміз жүкті аналардың денсаулығына аса қажетті жастықты аз уақыттың ішінде-ақ кәсібіне айналдыра білді. Бір айта кетерлігі, Сәуле Құдайбергенова өзінің мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан еңбектің көзін тапқан жан.
– «Рахат» кондитерлік фабрикасында еңбек еттім. Соңғы алты жылдан бері денсаулығыма байланысты жұмыссыз болдым. Қарап отыруға болмайды. «Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» деген аталы сөзіміз бар. Осы істі тәуекелмен бастап, уақыт өте келе жемісін көре бастадым. Мемлекеттің көмегін алдым. Енді ары қарай кәсібімді дамытып, қажетті құрал-жабдықтар алсам деймін. Пайдасы жақсы болып жатса, қосымша жұмысқа адамдар қабылдау да жоспарымда бар, — дейді Сәуле Құдайбергенова.
Тігіншіліктің бұл түріне ептілік, икемділік, ыждаһаттылық пен сабырлық керек-ақ. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші мүмкіншілігі шектеулі болғанына қарамастан, жантақтан ине, жаңқадан түйме жасай білген шебер Сәуленің еңбекқорлығы талайға үлгі болары сөзсіз.
Айта кетейік, биылғы жылдың шілде айының 25-інен бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта ұйымдастырылған. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады.
Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелуіңіз қажет. Портал оқыту шарттарына сәйкестігіңізді автоматты тексереді. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады.
Аталған онлайн курс жұмыссыздар, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылып кеткендер, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асырып жүрген азаматтар мен табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар ғана қатыса алады.