БІРЫҢҒАЙ ҚАБЫЛДАУДА 250-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТТЫҢ ӨТІНІШІ ТЫҢДАЛДЫ

1342
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті тамыз айындағы бірыңғай қабылдауын өткізді. Қабылдауға 250-ден аса азамат келген болса, соның 170-ке жуығы қала әкіміне өтініштерін білдірсе, қалғаны басқарма мен аудан әкімдіктері деңгейінде қаралды. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері, заңсыз құрылыс жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.
«Түркістан» сарайында өткен біріңғай қабылдауда шахар басшысымен қатар қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері, аумақтық департамент басшылары да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады.
Жер телімін заңдастыру, тұрғын үй беру туралы өтініштер тек заңға сәйкес шешілетінін айтылып, мемлекеттік қордан пәтерлер кезек арқылы арнайы электронды жүйеде жүзеге асатыны түсіндірілді.
Келушілер арасында әлеуметтік дүкен ашу, қонақ үймен қатар емхана салуға инвестор болу, суреттерінің жобасымен таныстыру, Бас жоспарға қатысты өзгерістер енгізу, қаланың өркендеуіне қатысты идеяларымен бөлісіп келгендер де болды.
М.Әйтенов әрбір азаматтың өтінішін тыңдап, қала тіршілігіне бейжай қарамайтын белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда.