ЖАСТАР БАҒДАРЛАМАСЫ – ЕЛ ЖАСТАРЫНА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

1166
Шымкент қаласында жас мамандарды қолдау мақсатында «Жастар бағдарламасы» сәтті жүзеге асып келеді. 29 жасқа дейінгі жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бұл бағдарлама арқылы 2020 жылы 904 жас, 2021 жылы 300 шымкенттік жас пәтерлі болса, биыл 857 жасты тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр.
Осы бағдарламаның шапағатын көрген жас маманның бірі — Заманбек Орынбеков. Ол 2013 жылы жоғары оқу орнын бітіре салысымен баспана кезегіне тұрған. Заманбектің пәтерлі болу арманы 7 жылдан кейін, яғни 2020 жылы орындалыпты. Оның айтуынша, алғашында жақсы жаңалыққа өзі де сенбеген екен.
–Жастар бағдарламасы – ел жастарына берілген мүмкіндік. Өзім осы игілікті көріп отырған жастың бірімін. Мектеп бітіріп, университетте мемлекеттік грант бойынша оқыдым. Жоғары оқу орынын бітіре салысымен басапана кезегіне тұрып, түрлі мекемелерде заңгер маманы болып жұмыс істеп келдім. 2020 жылы жастарға берілетін пәтерге өтінім бергеніммен өзіме сенімсіз болдым. Құжаттарым бағдарламаға қатысу талаптарына сай келіп, көптен күткен пәтерге қол жеткіздім.Бұл өзім үшін күтпеген жаңалық болды, – дейді З.Орынбеков.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы 2 бөлмелі пәтер алған Заманбек өзінің замандастарына да кеңес бере бастаған. Бүгінде қалалық Жастар ресурстық орталығында қызмет атқаратын ол өзге жастардың да баспаналы болғанын қалайды.
–Жыл сайын мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін пәтер саны шектеулі. Әйтсе де, кез келген жас өзі армандаған жетістікке жете алады. Көптің арасында таңдаулы болу үшін алдына қойған мақсаты мен жеңісті күндерден үмітін үзбеу керек.Алғашында өзім сенімсіз болғаныммен іштей үміттеніп жүрдім. Бағдарлама талабына сай келу мақсатында көбірек еңбектенуге, несие алмауға тырыстым. Нәтижесі өздеріңізге белгілі, — дейді ол.