КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ ҮШІН 20 НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

775

Шымкенттегі елді мекендерді кәріз жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков мәлімдеді. Оның мәліметінше, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. «Осы арқылы 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады», — деді басқарма басшысы.

Жалпы Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады. Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Биыл барлығы 16 нысанда құрылыс жүргізілуде.

Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.