ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ПЕН МЕДИАТОРЛАР МЕМОРАНДУМ ТҮЗДІ

920
Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Қала бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, шаһар аумағындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, жазда тез бұзылатын тауарларды сатудың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі және Шымкенттегі білім беру ұйымдарында білім сапасын арттыру шараларының нәтижелері туралы есептер тыңдалды.
Алғашқы мәселе бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев баяндама жасап, сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген қылмыстық істерге тоқталды. Спикердің мәліметінше, биылғы 7 айда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 70 мыңнан астам адам қатысқан. Осы мерзімде 81 қылмыстық іс тіркелді, соның 61 фактісі парақорлыққа байланысты. Мамандар ең көп факті құқық қорғау, денсаулық сақтау және құрылыс салаларында тіркелгенін айтты.
Ал Шымкент қалалық санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев қала бойынша коронавируске қарсы екпе алу мен басқа да жұқпалы аурулардың таралуы туралы баяндап, қоғамдық кеңес мүшелерінің тез бұзылатын заттардан сынама алу және қаладағы жалпы тазалыққа мониторинг жасау, жеке және шағын кәсіпкерлерлік нысандарды тексеру сияқты сұрақтарына жауап берді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе білім саласына қатысты болды.
– Шымкент қаласында жалпы 841 білім беру ұйымы бар. Олардың ішінде 577 балабақша, 37 колледж, 11 қосымша білім беру және 13 арнайы мектеп бар. Биыл осы көрсеткішке тағы жаңа 30 білім беру орны қосылғалы отыр. Мегаполистің 2021-2025 жылдардағы даму жоспары бойынша білім саласында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар. Баршаңызға белгілі, биыл мектептерде сабақ өту 5 күндік жүйеге көшті. Оның ішінде Шымкент қаласында 3 ауысымда білім берілетін 5 мектептен басқа 218 білім ошағы 5 күндік жүйеге көшті. 45 мектеп – 1 ауысымда, ал 173 мектепте 2 ауысымда сабақ өтіледі. Бұған қоса қала бойынша биыл 34 мектеп пайдалануға беріліп отыр, – деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің отырысында кеңес төрағасы Бауыржан Әлтеев пен «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Лаура Ақшегірова арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.