Түркістаннан Қостанай облысына 72 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді

1230
Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларындағы қабылдау орындарында азық-түлік, ауыз су, гигиеналық құралдар мен төсек-орын жабдықтары жиналды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, орман өртіне байланысты Қостанай облысына 72 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тиісті көмек көрсету туралы тапсырмасына сәйкес, партияның облыстық филиалының жауапты хатшысы Бейсен Тәжібаев автокеруенді жөнелтуге қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Қостанайдағы төтенше жағдай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында тұр. Облыстық филиалда ашылған қабылдау пункті 4 қыркүйекте гуманитарлық көмекті қабылдауды бастады. Алғашқы күні-ақ қалалық мәслихат депутаттары, жанашыр азаматтар бірінші кезектегі қажеттілік заттарымеен қамтамасыз етті. Бірнеше жыл бұрын біздің облыста төтенше жағдай орын алғанда біз де бүкіл елдің қолдауын, халқымыздың бірлігін сезініп едік. Біз жақсылыққа одан да үлкен жақсылықпен жауап беретін халықпыз», — деді Бейсен Тәжібаев.
Оның айтуынша, небәрі бір күннің ішінде Мақтаарал ауданы, Арыс және Түркістан қалаларында гуманитарлық жүк тасымалдайтын төрт көлікке қажетті дүние тиеліп, Қостанайға жөнелтілді.
«Көмек көрсеткен азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Жағдай тұрақталғанша гуманитарлық көмек ұйымдастыра береміз. Облыс тұрғындарын шетте қалмай, игі бастаманы қолдауға шақырамын», — деді партия хатшысы.
Облыстағы «Жастар ресурстық орталықтарының» ұйымдастыруымен жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар, шағын бизнес өкілдерінің демеушілігімен қажетті заттар жиналды. «АМАНАТ» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы мен жергілікті әкімдік бір жүк көлігін, партияның Арыс қалалық филиалы мен қалалық әкімдік екі жүк көлігін жөнелтті. Бірінші қажеттіліктегі заттар тиелген жүк көлігі облыс орталығынан жолға шықты.
Кейбір ұйымдар да бұл игі шараға өз үлесін қосып жатыр. Атап айтқанда, Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова бастаған топ 400 көрпе-матрас жеткізді. Сондай-ақ, 500 мұғалім бір күндік жалақысын «Biz birgemiz» қорына аударды. Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиеналық заттармен көмектесіп жатыр.
Жүкті жеткізу «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділеріне жүктелді. 10 жас белсенді азамат өрт салдарын жоюға атсалысып, азаматтарға көмек көрсетеді.