Түркістанның әкімін «Хан Дархан» деп атаған белсендіні полицейлер ұрып кетті

1006

Отандық шаруалардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген белсенді, «Shopan Аta» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев соққыға жығылды. Оның айтуынша, оған тап бергендер Түркістан облысының полицейлері. Оқиға кеше, 13 қазан күні Қызылорда қаласында болған, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы Алмасбек Садырбаев Instagram-дағы парақшасында жазып, тіпті оқиғаның видеосын жариялады.

«Хан Дархан қатырды! Формадағы «бандиттер»,

— деп жазылған видеода.

Экспресс К тілшісі белсендінің өзімен байланысып, мән-жайды толық сұрап білді.

Түркістан облысының шаруалары Алмасбек Садырбаевтан көмек сұрап, арнайы шақырған екен. Бір топ диқаншы мен белсенді 12 қазан күні таңғы сағат 9-да облыс әкімдігі алдына жиналған. Мақсат — өңір басшысы Дархан Сатыбалдымен кездесіп, шаруалардың мұңын жеткізу. Бұл кездесу туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен ауыл шаруашылық басқармасының басшысына ескертілген көрінеді.

Алайда 200-ден астам шаруа түскі сағат 14.30-ға дейін әкімдік алдында облыс басшысын күтіп, ақыры шықпаған соң тарқасқан. Тіпті бұл кезде шаруалар аймақ басшысына ренішін білдіріп, әкімді өзін «хан» санады деп тізерлеп тұрып, шығуын өтінген. Бірақ, нәтиже болмаған.

«Азаннан бастап әкім жиналыста екені айтылды. Оның Сәкен Қалқаманов деген орынбасары сәлемдесіп кету үшін келгенін айтып, амандасқан соң кетіп қалды. Облыс басшысының бірінші орынбасары Арман Жетпісбай да бізге келді. Бірақ шаруалар мәселесі өзінің функционалдық міндетіне кірмейтінін айтып, кетіп қалды. Ол кісіге әкіммен кездесуге келгенімізді айттық. Бірақ әкім елді елемеді, содан тарқастық», — деді белсенді.

13 қазан күні қауымдастық төрағасы таңертең ерте Қызылорда облысына жолға шыққан. Бұл өңірде де шаруалардың облыс әкімімен кездесуі жоспарланған. Жиын ойдағыдай өтіп, белсенді Алмасбек Садырбаев Қызылордада жеке мәселесі бойынша заңгерлермен кездесу үшін кафеге келген. Дәл осы кезде бірнеше ер азамат белсендіге тап беріпті.

«Біз Түркістан әкімдігі алдынан кеткен соң ондағы полицияға «Алмасбекті табыңдар» деп тапсырма беріліпті. Барлығы аяқтан тік тұрған. Бұлар мені сол күні соңымнан аңдумен жүрген. Мені жалғыз отыр деп ойласа керек, артымнан баса-көктеп кірді. Қасымдағы адамды көріп, тоқтап қалды. Олардың біреуі құжатын көрсетіп, өзін Түркістан облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерімін деп таныстырды. Есімі Асқар екен», — деді Алмасбек Садырбав.

Белсендінің айтуынша, қалған екі ер кісі де өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған, бірақ құжатын көрсетпеген. Шенді қызметкерлер Алмасбек Садырбаевты Түркістан облысына алып кету үшін келген көрінеді. Кафеде белсендімен кездесуге келген заңгерлер де болған. Олар Қызылорда облысының территориясында тұрғандықтан алып кету үшін арнайы құжат болу керек екенін ескертіпті.

Құжат Түркістанда, бізге әкімдіктен айтты, алып кетеміз» деді. Мен бір ауылдан екінші ауылға мал апарарда да оның құжаты болатынын айттым. Сол кезде біреуі артымнан келіп, мойнымнан қылқындырды. Жерге құладым, мені күштеп көтеріп алып кетпек болды,

— деді ол.

Бұл кезде қауымдастық төрағасының қасындағылар жергілікті шаруаларға оқиға туралы айтып үлгерген көрінеді. Араға дәмхана қызметкерлері араласып, полиция шақырған. Олар келгенше өздерін «Түркістанның полицейлеріміз» деп таныстырғандар қашып кеткен екен.

Белсенді Қызылорда қаласының полициясына арыз жазған. Оның шағымын ведомствоның баспасөз қызметі растады.

Полицияға 13 қазан күні сағат 16:25 шамасында Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесі №24 үй астында орналасқан кафеде ер кісіні ұрып-соғып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары барған.

Мән-жайды анықтау барысында жәбірленуші өзіне белгісіз үш азамат күш көрсетіп, алып кетпекші болғанын айтқан. Қазіргі таңда арыз бойынша жан-жақты тексеру жүріп жатыр,

—деді қалалық полиция басқармасындағылар.

Ал Түркістан облысының Полиция департаментіндегілер Алмасбек Садырбаевты тәртіп сақшылары облыс әкімдігі ғимаратының алдында ауыл тұрғындарын жинап, заңсыз митинг өткізгені үшін әкетпек болған деп отыр.

Олардың мәліметінше, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-бөлігінде (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) көзделген құқықбұзушылық белгілері байқалған. Осыған байланысты заң аясында құқықтық баға берілу үшін белсенді ішкі істер органына жеткізілу керек болыпты.

Ведомстводағылар бұл туралы белсендіге ескертілгенін алға тартты. Алайда ол тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, қарсылық танытқан көрінеді. Ал күш көрсетті делінген полицейлерге тексеру басталған.

Полицейлердің іс-әрекетіне байланысты қызметтік тергеу басталды. Оның нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданатын болады. Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз,

—деді Полиция департаментіндегілер.

Алмасбек Садырбаев болса, жергілікті билік шаруаларға қоқан-лоққы көрсетіп, қорқытып отырғаны қынжылтатынын айтты.

«Шаруалардың жанайқайын тыңдасаңыздар еңіреп тұрып жылайсыздар. Аудан, ауыл әкімдері «Алмасбектің жиналысына барсаңдар үйтем-бүйтем» деп қорқытады екен. Мен бұған дейін де талай өңірдің әкімдеріне қызыл кеңірдек болып, шаруалардың мәселесін айтып жүрдім. Бердібек Сапарбаев, Махамбет Досмұхамедов, Нұрлан Ноғаевтар біз көтерген мәселелерді өздерінше түсініп, талай дауласқан да едік. Соңында шешімге келіп жүрдік. Бірақ олардың біреуі менің артыма адам салып, күш көрсеткен жоқ. Жаңа Қазақстанның бұл әкімі көктен салбырап түскен бе, жоқ шынымен «хан» боп кеткен бе? Мынау енді дұрыс емес…», — деді «Shopan Аta» қауымдастығының төрағасы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада айтылған айыптарға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының ешқандай қатысы жоқ.

«Жарияланған материалдағы айыптаулар — жалған ақпарат. Егер де жалған ақпарат тарату тоқтатылмаса, ресми түрде құқық қорғау органдарына хабарланатындығын ескертеміз. Жала жабу, яғни, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан тұлға Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабы бойынша жауапкершілікке тартылатынын назарға саламыз» делінген мәліметте.