«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

165

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған жұмысшы топ бірқатар жекеменшік білім беру мекемелерін аралап, олардың жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады. Топ құрамында партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев және Еңбекші аудандық партия филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров болды. Жұмысшы топ білім мекемелеріндегі барлық көрсеткіштерді тексеріп, кемшіліктерді анықтау мақсатында бірқатар шаралар өткізді.

Аталған іс-шара барысында жұмысшы топ «Globus», «Megapolic» және «Зерек» бастауыш білім беру мекемелерін аралап, олардың техникалық жағдайы мен санитарлық талаптарға сәйкестігін бағалады. Сондай-ақ, мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне ерекше көңіл бөлінді. Мектептерде орнатылған дабыл жүйесінің тиімділігі мен күзет қызметінің жұмысы сыналды. Тексеру барысында қауіп дабылы іске қосылып, күзет қызметінің оқиға орнына жету уақыты есептелді. Бұл кезеңде күзет мамандарының келу уақыты белгіленген межеден кешігіп, олқылықтар байқалды. Мұрат Жолдыхожаев осындай кемшіліктердің алдын алу үшін атқарушы органдардың, сондай-ақ білім беру мекемелерінің қауіпсіздік шараларын күшейтуі қажеттігін атап өтті.

«Мектептерде қауіпсіздік шаралары басты назарда болуы керек. Өйткені өмірде түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін, соған алдын ала дайын болуымыз қажет. Бұл біздің балаларымыздың қауіпсіздігі мен ата-аналарымыздың сенімін сақтау үшін маңызды», – деді Мұрат Жолдыхожаев. Сонымен қатар, өрт сөндіру құралдарының жарамдылық мерзімі өтіп кеткені және медициналық қызмет көрсету бөлмелеріндегі дәрі-дәрмектердің ескіруі секілді бірқатар кемшіліктер анықталды.

Тексеру барысында байқалған бұл кемшіліктер жаңа оқу жылына дейін толығымен жойылуы тиіс екендігі айтылды. «AMANAT» партиясы тарапынан бақылау жұмыстары жалғасып, кемшіліктер уақытылы реттелмесе, заңды түрде тиісті шаралар қабылданатынын ескертті. Жұмысшы топ білім беру мекемелерінің сапалы, қауіпсіз әрі жайлы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті қадамдарды жүзеге асыратын болады.