Кеңесті Этномедиация кеңесінің төрайымы, кәсіби медиатор және білікті заңгер Дана Ақәділқызы Кенжеқұлова ашып, кеңес қызметінің қорытындысы мен медиация саласындағы жетістіктерді таныстырды. Ол Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXIV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес этномедиацияны дамыту бағытында ұйымдастырылған бұл отырыстың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, медиация мәдениетін қоғамда қалыптастыру және этносаралық қатынастарда бейбіт келісім механизмін тиімді пайдалану – басты мақсат болып табылады.
II тоқсан ішінде кеңес мүшелері 12 іс-шара өткізіп, 650-ге жуық адамды қамтыған, сонымен қатар 12 қылмыстық және 548 азаматтық іс медиация арқылы шешімін тауыпты. Бұл көрсеткіштер этномедиацияның қоғамдағы тиімділігін дәлелдеп, оның құқықтық және әлеуметтік маңызын айқындайды.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы этносаралық қатынастар бөлімі-ҚХА хатшылық меңгерушісі Айгүл Әмзеева да сөз алып, этномедиацияның қоғамдағы орнына тоқталды. Ол сала белсенділерін Медиация күнімен құттықтап, медиаторлардың еңбегін жоғары бағалады. Кеңес барысында бірнеше медиаторлар арнайы марапаттарға ие болды.
Сондай-ақ, отырыста судья, кеңес мүшесі Еркен Отарбаев пен қоғамдық медиатор Аббас Шамирзаев медиацияның құқықтық және әлеуметтік маңызы туралы пікір білдіріп, оның қоғамның тыныштығы мен құқықтық тәртібін сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Отырыс соңында қатысушылар алдағы уақытта этномедиацияның дамуына ықпал ету үшін өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екендерін білдірді. Этномедиацияның басты мақсаты – қоғамды бірлікке, келісімге жетелеу, әрбір азаматтың құқықтарын қорғау және барлық этникалық топтар арасында достық, татулық, өзара түсіністік орнату болып табылады.