ЕРЕКШЕ КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

988
Шымкент қаласында «Аялы алақан» оңалту орталығы 100-ден аса ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуде. Туа сала тағдыр тауқыметін тартқан мұндай жеткіншектер арнайы мамандардың көмегіне аса зәру.
Орталықта мемлекет қамқорлығына мұқтаж 3-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, құқықтық көмек көрсетіледі.
Балаларды өмірге бейімдеуге бағыттылған ем-дом шараларының, педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандарының қарқынды жұмысының нәтижесінде балалардың дамуында оң өзгерістер байқалуда. Мәселен, 11 қызмет алушының тірек қимылында өзгеріс орын алып, ауыз қуысына жасалған массаждың әсерінен жұтқыншақтың жұтыну жұмысы 1 балада жақсарған. Сөздік қоры көбейген қызмет алушылар саны 6 болса, төртеуі ұсақ қол маторикасы реттеліп, дауысты дыбыстарды айта бастаған. Яғни, тұрақты түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде балалардың музыка ырғағын сезуі, әуенге қосылып ән салуы, ыңылдауы, жаңа дыбыстарды шығаруында оң көрсеткіштер бар.
Сондай-ақ қызмет алушылардың ата-аналарымен кері байланысты орнату мақсатында жоспарлы түрде тренингтер ұйымдастырылып, балалардың сауығуы үшін шыдамдылықпен қолдау көрсетудің маңыздылығы түсіндірілуде.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі