Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр, дейді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жөнінде президент үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дүйсенбі күнгі үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев жуырда өткен президент сайлауының халықтың билікке артқан зор сенімі мен қолдауы екенін атап өткен.
«Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз.
Сондықтан, сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады», — дейді ол.
Мемлекет басшысы сонымен қоса 11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендегеніне назар аударады.
«Бүгін еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталамыз. Алда тұрған басты міндеттерді айқындаймыз. Қордаланған мәселелер аз емес.
11 айда экономиканың өсімі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін төмендеді. Инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жетті. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6 пайыз. Мұндай ахуал жұрттың табысына және әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр», — дейді Тоқаев.