Пайдалы қазбаларды таратудың заңсыз схемасы әшкереленді – Тоқаев тапсырма берді

881
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалану саласындағы заңбұзушылықтар туралы айтты. Пайдалы қазбалар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы заңсыз таратылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, бас прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге тексеріс жүргізіп, жер қойнауын пайдалану ісінің барлық сатысында заң бұзылатынын анықтады. Мәселен, қоры нақтыланған және игеруге дайын тұрған кен орындарына барлау жұмысын жүргізуге 143 лицензия мен келісімшарт заңсыз берілген.
«Елімізде құнды пайдалы қазбасы бар кен орындары аз емес. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар осындай яғни, алтын, мыс, мырыш тағы басқа 87 кенішті заңсыз алған. Олар байқау өткізу рәсімін айналып өтіп, кеніштерді жеке компанияларға су тегін берген. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, заңсыз берілген кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», — деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Кен орындары мемлекетке қайтарылғаннан кейін адал жұмыс істейтін инвесторларға ұсынылады. Оларға тиісті міндеттемелер де жүктеледі.
«Соңғы кезде геология саласындағы реформаларды созбалаңға салуға әрекет жасалып жатқанын көріп отырмыз. Баяғы кеңестік жүйеге қайта оралып, жер қойнауын «шағын топтың ғана игілігіне» айналдырғысы келетіндер бар. Қазақстанның жер қойнауы инвесторлар үшін ашық болуы керек. Сондықтан үкімет бұл салада тәртіп орнатуға тиіс», — деп атап көрсетті мемлекет басшысы.