«Шағым түссе, жазалаймын». Жаңа президент әкімдерге қатаң ескерту жасады

1060
Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заң үстемдігін нығайту қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі twitter-дегі парақшасында жазды.
Мемлекет басшысының пікірінше, қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты.
«Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан жұртшылығымен кездесуде.
Президенттің айтуынша, егер орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланады.
«Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі», — деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.