Тоқаев Астананың атауын өзгерту туралы жарлыққа қол қойды

1566
Қазақстанның астанасы енді Нұр-Сұлтан қаласы деп аталады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сəйкес қаулы етемін: Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта аталсын», — делінген хабарламада.
Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, елорданың атауын Нұр-Сұлтанға қайта атау бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Ол мұндай ұсынысты Қазақстан халқына ант бере салысымен жасады. Парламент депутаттары идеяны қолдап, атауды өзгерту туралы шешім қабылдады.
Конституциялық кеңес Астананың атауын өзгерту мәселесі бойынша Конституцияға өзгерістер енгізуге оң қорытынды берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 20 наурызында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқаннан кейін республика президенті болды.