ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы бас мешіттегі жұма намазынан кейін қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Тәуелсіздікті жариялағанымызға 31 жыл болды. Тарих үшін бір ғана мезгіл. Бұл мемлекетті дүниежүзіне паш еттік. Қазақ деген халықты дүниенің барлығы білді, терезесі тең ел болдық, Құдайға шүкір, барлығы бар. Жұмыс істеймін, бизнеспен шұғылданамын десе, ешкім кедей болмайды. Ең алдымен еңбек керек. Еңбектерімде де талай айтып жүрмін ғой.
Тәуелсіздігіміз ұзағынан болсын. Тәуелсіздік мәңгілік болуы үшін бәріміздің ауызбіршілігіміз болуы керек. Келер ұрпақ осы Тәуелсіздікті алтындай қолында, жүрегінде ұстауы керек. Ешкімге бермеуі керек. Сонда келе жатқан артымыздағы ұрпақтың жүзі жарқын болады. Біздің кездерді айтып жүреді. Құдай бұйыртса, ұрпағымыз бұл күндерді еш уақытта ұмытпайды, есіне алып жүреді», — деді Назарбаев жұртшылық алдында.