УКРАИНАНЫҢ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТІ ЯНУКОВИЧ СОТТАЛДЫ

1031
Украина соты елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичті «мемлекетке опасыздық жасап, басқыншылық соғыс жүргізуге жәрдем берді» деп танып, сырттай 13 жылға соттады. Сот бұл айыптарға дәлел ретінде Януковичтің Ресей билігінен Украинаға әскер кіргізуді сұраған үндеуін келтірді.

Сотқа Виктор Януковичтің өзі қатысқан жоқ. Адвокатының айтуынша, Януковичке ота жасалған, қазір емделіп жатыр. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, сот процесі кезінде Янукович 70 рет сотқа шақырту алған.

Былтыр қарашада Януковичтің адвокаттары оның жараланып, емханаға түсіп қалғанын және сотқа тіпті видео байланыс арқылы да қатыса алмайтынын хабарлаған. Киев соты ол кезде Януковичтің ауруханада жатса да, соттағы соңғы сөзін айтуына рұқсат берген. Бірақ Янукович соңғы сөзін айтқан да жоқ.

Янукович өзіне қарсы істі «қолдан жасалған, саяси астары бар» деп, тағылған айыптарды жоққа шығарады. Украина бас прокуратурасы Януковичті 15 жылға соттауды сұраған.

Янукович 2010-2014 жылдары Украина президенті болған. 2014 жылы елдегі саяси дағдарыс кезінде Жоғарғы рада шешімімен биліктен шеттетілген. Кейін ресейлік әскерилердің көмегімен осы елге қашып кеткен. Қазір Ресейде тұрып жатыр.
Дереккөз:Ult.kz