ШЫМКЕНТТЕ «ҮЗДІКТЕР ШЕРУІ — 2022» ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

1010
Шымкентте «Үздік жобалар желісі» аясында «Үздіктер шеруі-2022» ғылыми-практикалық форумы өтті. Оған қала әкімі Мұрат Әйтенов, ардагер ұстаздар, мектеп басшылары, «Үздік жоба» жеңімпаздары, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жүлдегерлері мен педагогтар қатысты.
Салтанатты шеру үздіктер көрмесімен басталды. Әр жобаның маңызы мен мәніне үңілген жиынға қатысушылар түрлі байқау жеңімпаздарының еңбегімен таныс болды. Одан соң шаһар басшысы алғы сөз сөйлеп, білім саласындағы жыл бойы атқарған жұмыс нәтижесімен бөлісті.
— Қазіргі таңда біз білім жүйесін әлемдік стандарттарға жетелейтін маңызды қадамдар жасап жатырмыз. Осы жылдан бастап қаламыздағы 45 мектеп бір ауысымда, 173 мектеп 2 ауысымда, 5 мектеп үш ауысымда оқып, 223 мектеп бес күндік жұмыс форматына көшті. Ендігі мақсат — алдағы үш жылда шаһарымызда салынатын білім ошақтарының санын 101-ге жеткізу,-деді М.Әйтенов.
Қала әкімі былтырдың өзінде 11 764 орынға арналған 25 мектептің, ал биыл 45 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, 41-і оның ішінде, мемлекеттік 24 білім ошағының пайдалануға берілгенін, нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке кемігенін атап өтті.
«Білім саласына қарасты нысандарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу, спорт алаңшаларын салу, жаңа модификацияланған кабинетпен, қажетті оқулықтармен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.Осы жылы 5 білім беру ошағына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке спорт алаңшасы салынды. Материалдық-техникалық базаны нығайтуда 372 кабинет, 610 интерактивті панель алынды. Қаламыздағы мектептердің 80%-ға жуығы робототехника, SТЕМ, информатика, химия-биология кабинеттерімен толықтай қамтылған. Жасаған еңбек еш кетпеді. Оқушыларымыздың Германияда өткен әлемдік Робототехника сайысында дүние жүзінен жиналған 15 000 оқушының арасынан ІІ және 6 орынды иеленуі, Халықаралық Робо Лайн конкурсынан оқушыларымыздың І орынды жеңіп алуы – материалдық базаға жасаған салым мен біздің ұстаздарымыздың өлшеусіз ерен еңбегінің нәтижесі. Шымқаламызда мақтаныш болар, үлгі тұтар ұстаздарымыз өте көп. Біз Сіздермен мақтанамыз. Абройларыңыз асқақтай берсін!»-деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте 38 000 педагог бар. Олардың арасында шәкірттерімен бірге түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүргендері жетерлік.
Биыл түрлі деңгейде педагогтарға арналған 300-ге жуық сайыс өткен болса, шымкенттік 10 ұстаз үздіктер қатарынан көрінді.
Форум соңында Мұрат Дүйсенбекұлы ағарту саласында ұзақ жыл еңбек сіңірген бірқатар ардагер ұстаздарға «Құрмет» ордені мен «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағып, оқ бойы оза шығып, дараланған педагогтарды «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі мен «Үздік көшбасшы» номанациясымен марапаттады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі