Түркістандық және шымкенттік диқандар миллиондап шығынға батқанын хабарлады

771

Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы жылыжайға егін егетін диқандар ауа-райы мен көмір тапшылығынан миллиондап шығынға батқанын хабарлады.

 

Облыстық фермерлер қауымдастығы диқандардың шағымы елеусіз қалғанын айтады. Облыс әкімі жалған ақпарат бергендерді сынап, жауапты шенеуніктерге қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.

«Күйіп кеттік…»

Түркістан облысында бірнеше диқанның жылыжайын қар басып, енді бірі көмір тапшылығынан егіні үсіп кеткені туралы видео жариялады. Онда мұз қатып қалған жылыжайларда түрлі көшеттердің қарайып, үсіп кеткенін байқауға болады. Шымкентте жылыжайын жылытуға көмір таппағандар піспеген қызанақты көктей қоқысқа тастаған.

 

Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұрсұлтан Қуанышбаевтың айтуынша, бірнеше диқанның жылыжайын қар басып қалған. Өзі көмір жоқтығына байланысты бір гектар жылыжайындағы көшетті өсіруді тоқтатқан.

– Шамамен 15 млн теңге шығынға кірдім. Көмір жоқ. Тоннасы 17 мың теңге тұратын көмірдің бағасы 25-45 мыңға көтерілді. Оның өзі тапшы, – дейді ол.

Нұрсұлтан диқандар көмір тапшылығы туралы жергілікті әкімдікке де, үкіметке де хабар бергенін айтады. Көмірден қысылып тұрғанда, ауа-райы күрт суып, қар көп жауып жылыжайлар құлаған.

– 20 сотық жердегі жылыжайдың өзін сақтап қалуға мүмкіншілік болмады. Жанайқайымызды айттық. Күнкөріс – жылыжайда еді. Сарыағаштың өзінде осы жылыжайдарда 40 мың адам жұмыс істейтін. Енді өзіміз де, жұмысшылар да қалай күн көреді, білмейміз. Алғашында көмірді уақтылы жеткізуді талап еттік, соңында өтініш жасадық. Нәтиже болмады, – дейді диқан.

Сарыағаш ауданымен бірге жылыжайын қар басып қалғанын айтып, Келес және Қазығұрт аудандарының диқандары өкіметтен көмек сұрай бастады. Келес ауданының тұрғыны диқан Нұржан Ағатайдың 8 гектар жылыжайының 3 гектарын қар басып қалған. Жалпы 200 млн теңге шығын келген.

– 3,5 млн қырыққабат көшеті үсіп қалды. Жаңадан салынған жылыжай еді. Қарыз алып соққан едім. 60 адам жұмыс істейтін. Амал жоқ, адамдарды жұмыстан шығарып жатырмын. Ауылшаруашылығы басқармасына айтсақ «төтенше жағдай, екі жарым пайызбен несие берейік» деді. Күйіп кеттік. Айтуға тілің бармайды, – дейді ол.

«Көмір тапшылығы туралы 2 ай бұрын айтылған»

«Қазақстан фермерлер қауымдастығы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жүсіп Шәріп көмір тапшылығынан не ауа-райының салдарынан шығынға батқан диқандарға мемлекеттен еш көмек жоқ екенін айтады. Оның сөзінше, диқандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған. Баяғы жартас – сол жартас. Мысалы, шаруалардың көмір тапшылығы туралы шырылдағанына екі ай болған.

– Міне, қазір көмір бағасы шарықтап кетті. Бар көмірдің өзінің сапасы нашар. Мұның салдары өте ауыр. Диқандардың шығынын ешкім қайтармайды, бұған дейін де қайтарылмаған. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Көкөністің бағасы қалай болатыны белгісіз, – дейді Шәріп.

Жер-жерден диқандар бас көтере бастағанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жылу маусымына жауапты қызметкерлерді жинап, сынады. Әкім аудан, қалаларда көмір тапшы екенін атады.

– Аудан, қалаларға көмір жеткізу толық шешілмеген. Тұрғындар, жылыжай иелері көмір тапшылығына және бағасына наразылық білдіруде. Қажетті көмір көлеміне қатысты мәліметтер дұрыс болмай шықты. Табиғи газ құрылғылары бойынша проблемалар бар. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында газ құбырлары қатып қалып жатыр, – деген әкім бұл кемшілікке жауапты шенеуніктерге қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында көмір тапшылығы мен ауа-райының қолайсыздығына байланысты әзірге неше диқан қанша шығынға батқаны туралы ресми ақпарат жарияланбады.