Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне қатысты тағы бір адам ұсталды

933

Антикор Ұлттық мұражай директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразханды 2 айға қамауға алды, деп хабарлайды Экспресс К.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-министрі, Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына және басқа да адамдарға қатысты бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатқанын мәлім етті.

Жүргізіліп жатқан тергеу аясында ол басқалармен сөз байласып, «Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлауға қатысқан Ұлттық мұражай директорының бұрынғы орынбасары Алмаз Нұразхан да ұсталды. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен ол 2 ай мерзімге қамауға алынды.

Алмаз Нұразхан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотиптің авторы екенін айта кетейік. Ол әр жылдары Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс істеп, Мемлекеттік алтын және қымбат металдар мұражайын басқарды, Қазақстан халқының рухани даму қорының президенті де болды.

Еске салайық, Экспресс К бұған дейін бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғанын жазды. Өткен жылдың 28 мамырында ұсталған Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы содан бері қамауда отыр.