Қасым-Жомарт Тоқаев қолөнершілер көрмесінде қамшы сатып алды

864

Бүгін Жамбыл облысында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы көрмеге барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті қолөнер шеберінің бірі жасаған қамшыны сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрмені аралау барысында Мемлекет басшысына жамбылдық қолөнер шеберлері орталықта ұлттық өнердің барлық түрімен айналысатыны айтылды.

Жалпы 29 шебердің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстар, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, ат әбзелдері, зергерлік бұйымдар қойылған.

Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қамшылар арасынан бірін қолға алып, бағасын сұрады. Солай 16 теңге тұратын қамшыны сатып алды.

Президент «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Шебер шаңырақ» мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» Жамбыл облысы қолөнер шеберлерінің қауымдастығы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, Асыл-Дизайн» сән үйі және басқа да ұйым өкілдері жасаған бұйымдарды тамашалап көргенін бұған дейін жазған болатынбыз.

Еске салайық, бүгін ҚР Президенті Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүр.

Қ.Тоқаев жазушы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоғын қойғаннан кейін зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті.

Кейін Мемлекет басшысы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттер үйінде оқу орнының оқытушылармен және студенттермен кездесті.

Байзақ ауданының Көктал ауылдық орта мектебінің жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен жүздесіп, жаңа әрі жайлы мектепте білім алып жатқан оқушыларға табыс тіледі. Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасында цехтарды аралап көрді.

Одан әрі Президент қарапайым ауыл тұрғынының тұрмыс-тіршілігімен танысу үшін жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырған Қостөбе ауылы тұрғынының үйіне барды. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында жаңа емханадағы заманауи жоғары технологиялы құрылғыларды өз көзімен көріп қайтты.