Үндеу жолдаған Ақбота Керімбекованың әріптестері НЕГЕ үнсіз қалды?

586

Өнерде өз қолтаңбасы қалыптасқан Ақбота Керімбекова жуырда тағы үндеу жолдады. Әншінің бұл жолғы өтініші киелі сахнаның қасиетін жоғалтпауға бағытталған.

Тәуелсіздік деклорциясы қабылданған Республика сарайында Мұрат Әбділда сынды өнерге жолай қосылған әуесқой әншілердің өнер көрсетуін әбестікке балаған ол, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға өтініш жасады. Өнердің мәні мен сәні кетіп бара жатқанын алға тартқан Керімбекова, киелі сахнада кім-көрінгеннің өнер көрсетуіне жол бермеу қажеттігін баса айтты. Бір қызығы, әншінің әріптестері оны қолдап, үн қоса қоймады. Нәтижесінде Ақбота хейтерлердің астында қолды. Бірі «сахнаны сатып алған жоқсың» десе, ендібіреулер «музыкадан хабары жоқ Айдарбековтер ән айтып шыққанда қайда қалдың?!» деп сөкті. Ән өнерінің болашағы үшін шырылдаған Ақботаның айтқанына қосыла қоймаған бірқатар әншілерге шығып көрген едік.

Жұмағалиев
el.kz

Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайракері, әнші:

– Менің бұл ақпардан хабарым жоқ екен. Егер әңгіменің ауаны сіз айтқандай болса, онда Ақбота қарындасымды толығымен қолдаймын. Себебі, сахнада кім-көрінген өнер көрсете беретін болды. Дегенмен, өз басым өнерлі жастарды қолдаймын. Егер көзін ән өнерімен тырнап ашқан таланттар болса, онда қарсылық білдіруге қақым да жоқ болар еді. Ал «әу» дегеннің бәрін үлкен сахнаға шығара берсек, әннің кәсіби деңгейі құрдымға кетеді. Мысалы, мен студенттерге дәріс оқимын. Сонда байқағаным, өнерге келген кейбір жастардың мүлде мақсаты жоқ. Мұның бәрі «анау да сахнаға шықты ғой, менің одан қай жерім кем?!» деген жалаң түсініктен туындаған. Бір-екі ән айтып шыққандар, шуы көп шоуларға барып ақыл айтып отырады. Ақбота осындайларды көріп, күйінген соң наразылық білдірген болар.

Тикток арқылы танымал болғандар радио мен телеканалдарға шығып жүр. Оларда көркемдік кеңес деген жоқтың қасы. Сондықтан ұйымдастырушылар шара біткенге кім-көрінгенді шақырады. Бәлкім, олар қонақ болғаны үшін тиын-тебен төлейтін де шығар, кім білсін. Қалай деген күнде өнерде бей-берекетсіздік орын алды. Тіпті, кейбір туындыларды тыңдап отырып, ұяласың. Себебі, сөзі де, сазы да сұйық. Қазіргі әндердің есте қалмайтыны да содан. Осының бәрін жөнге салып, жүйелеу керек. Әйтпесе, ән өнерінің ертеңіне балта шабылады.

Қалжан
agugai.kz

Нұржан Қалжан, эстрада әншісі:

– Ақбота ханымның айтқанына қосыламын. Өйткені шынымен есті ән, әсерлі әуен сейліп барады. Сахна деген құндылығымен киелі ғой. Ал ол кісі меңзеген Республика сарайы мәдениеттің ордасы саналады. Бір өкініштісі, жалпақ жұрттың алдына көше кезіп жүргендердің шыққанын да көрдік. Екі әні бар жас та, еңбегі сіңген жасамыс та сапырылысып кетті. Мәселен, Халық әртісі Мақпал Жүнісовадан соң жалпақ жұрт танып болмаған жас әншіні «қазақ эстрадасының жұлдызы» деп ортаға шақырады. Бұл ұят.

«Айтқанның ауызы жаман» дегендей, Ақбота ханымды сынға алып жатқандар бар екен. Мұны қарапайым қоғам пікіріне балаймын. Егер ол кісі «Мұрат Әбділданы сахнаға шығарып, Республика сарайында концертін ұйымдастырайық» десінші, оны қазір қолдап жатқандар қалай таңып шығар екен. Халық болған соң түрлі пікір айтылады. Өзіміз де сөзден аз таяқ жеген жоқпыз. Осындай түрлі даудың астында қаларын білсе де барды айтқан Ақбота ханымды батырға балаймын.

Омарова
© instagram.com/zarina_omarova_official

Зарина Омарова, эстрада әншісі:

– Сахнаның мәдениеті кетіп қалғаны рас. Егер ел алдына жанды дауыста ән айта алатын әншілер ғана шығатын етсе, онда ортамыз едәуір іріктелер еді. Сол сияқты мәтінге мән беру керек. Себебі, хайп қуғандар бейәдеп сөздер қосып та шырқап жүр. Мұның бәрін түземесе, келер ұрпаққа ән өнеріне қатысты қандай насихат береміз. Өнерде өз орыны бар Халық әртісі, Еңбек сіңірген әртісі сынды аға буынға мемлекет тарапынан демеу көрсету қажет. Себебі, залдардың жалға алу бағасының қымбаттығынан жеке кеш бере алмай жүргендері қаншама?! Олай болмаған соң көлденең көк аттылар концерт береді де, нәтижесінде кім көрінгенді ән салуға шақырады. Мұндай жерде қандай сапа болады. Содан кейінгі бір мәселе – әртіс сахнаға жалтырап шығуы тиіс. Ал бізде сәнге балап, спартивакамен өнер көрсететіндер бар.

Осының бәрін бірауыз сөзге сыйдырған Ақбота әпкемді сынға алып жатқандар аз емес екен. Бірақ оларды хайп қуғандар деп есептеймін. Ал нағыз есті тыңдарман жөн сөзге тоқтай біледі.

Ауыпбаев
elordainfo.kz

Жігер Ауыпбаев, эстрада әншісі:

– «Адасқанның алды – жөн арты – соқпақ» дегендей, біреу сүрініп барып, түзеледі. Сол сияқты Мұрат Әбділда да алғашында бейәдеп сөздер айтып шығып еді, енді жөнге келген сияқты. Ал қазір әлеуеттік желіге шыққанда мыңдаған адам тамашалайтынын ескерсек, халыққа қандайда бір жақындығы бар деп ойлаймын. Бұл оны ақтап отырғаным емес, бар болғаны пенде баласының періште емес екенін айтқым келеді.

Ал Ақбота ханымның өтініші тұрғысынан айтар болсам, ол кісінің де айтып отырғаны дұрыс.

Дегенмен «халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Сондықтан кімді тыңдап, кімді тыңдамау керектігі халықтың өз талғамына байланысты деп ойлаймын. Себебі, көпшіліктің қолдау-тілегімен көгеріп жатқан жандармыз ғой.

Блогерлік арқылы сахнаға келіп жатқандар бар. Мысалы, Садраддин соның бір дәлелі. Ал оқып білім алған кәсіби әншілердің жөні бір бөлек.