Түркияда зілзаладан 7 мыңнан астам адам қаза тапты

1561

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 7108-ге жетті, 40 910 адам жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркия үкіметі жанындағы ТЖ салдарын жою басқармасы (AFAD) жаңа мәліметтерді жариялады.

Жер асты дүмпулері Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адыяман, Османийе, Хатай, Килис, Малатия және Элазиг провинцияларында адам шығыны мен алапат қирауға әкеп соқты.

Атап айтқанда, 5 775 тұрғын үй қираған, апат аймағының тұрғындары үшін 50 818 шатыр орнатылған.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына 79 110 адам тартылған. Жүк пен құтқарушыларды жеткізуге, сондай-ақ зардап шеккендерді тасымалдауға 104 дана авиациялық техника жұмылдырылған.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға бара жатыр.

Айта кетейік, Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 5,1 балдық жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі Гексун ауданында 9 км тереңдікте болған.

Бүгін қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркиядағы жойқын жер сілкінісі болған жерге аттанды. Екінші эшелон құрамында жеке құрамнан 60 адам, олардың ішінде ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, қызметтік иттер бар.

Сонымен бірге Түркияда тұратын қазақстандықтар зардап шеккендерге 34 млн теңге жинап берді.