Кәсіпқой боксшы Сауль Алварес 57-ші жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жетті, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында өткен бокс кешінде Сауль Канело мен АҚШ боксшысы Калеб Плант кездесіп, WBA, WBC, WBO және IBF белдіктері сарапқа салынған еді.
Кездесудің он бірінші раундында Канело қарсыласын нокаутқа жіберіп, әлемнің абсалютті чемпионы атанды.
Сауль Канело осымен сегізінші рет қатарынан жеңіске жетіп отыр. Сонымен бірге ол өз мансабында 39-шы рет қарсыласын уақытынан бұрын ұтты. Оның қарсыласы америкалық Плант кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілді. Осыған дейін ол қарсыластарын 21 рет қатарынан жеңген еді.
Осыған дейін Канело қазақстандық Геннадий Головкинмен шаршы алаңда екі рет кездескен болатын. 2017 жылғы жекпе-жекте екеуара есеп тең аяқталса, араға бір жыл салып «GGG» «Канелоға» төрешілер шешімімен есе жіберді.