Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігіне қарасты құрылыс істері және тұрғын үй шаруашылығы жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол тұрғын үй қорындағы пәтерлерге сұраныстың артуы халықтың масылданып бара жатқанын білдіреді деп мәлімдеді.
Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
«Он жылда кезек алты есе өсті. Бұл халықтың масылданып бара жатқанын көрсетеді» деп мәлімдеді Қабдол.
Шенеунік мәліметінше, қазір үй кезегінде 646 819 қазақстандық тұр. 256 мың адамның әлеуметтік жағдайы нашар.
Тәртіпке сәйкес, табысы 125 758 теңгеден аспайтындар әлеуметтік жағдайы нашар тұрғынға жатады.
Қабдол баспана кезегінде тұрған 232 мың адам заң талабына сай емес екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кезекте тұрған 96,1 мың адамның баспанасы бар, 533 адамның Қазақстан азаматтығы жоқ, 91,4 мың адамның тіркеуде тұрған орны кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді, 29 мың адам тіркейде жоқ, 15,6 мың адам қайтыс болған.
Шенеунік үй кезегінде тұрғандардың 36 пайызы жеңілдікпен баспана алуға құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
Қазақстандағы шенеуніктер биліктен әлеуметтік көмек сұраған жергілікті тұрғындарды масылдар деп жиі атайды.
Abai.kz