«Уахабизмнің насихатталуын қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар»

588

Теріс діни ағымдарды қолдаушылар биліктің жоғары сатыларында да отыр.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты.

«Сіз депутаттық сауалыңызда уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар екенін айттыңыз. Олар қандай құрылымдарда қызмет етеді, айтқан сөзіңізге нақты дәлелі бар ма?» — деп сұрадық Ермұрат Бапиден Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Бұған жауап қатқан мәжілісмен теріс діни ағым қолдаушылары маңызды мемлекеттік органдарда отырғанын айтты.

«Теріс діни ағымдарды, уахабизм ағымын қолдаушы жекелеген адамдар билікте, Үкіметте де бар, өкінішке қарай Парламенттің өз ішінде де бар деп ойлаймын. Бұл теріс ағым біздің қоғамды және мемлекеттік билікті біртіндеп жайлап бара жатыр. Ол ұлттық дінімізге қауіп төндіретін үрдіс деп айтуға болады», — деп жауап берді Ермұрат Бапи. — Біздің мың жылдық діни дәстүріміз бар. Сол негізде жүруіміз керек. Егер біз дін арқылы мемлекеттік негізімізге соққы бергізетін болсақ, онда біздің болашағымыздың күңгірт болғаны».

Тоқтала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ермұрат Бапи дін төңірегіндегі түйткілдерді реттеуді сұрап, депутаттық сауал жолдады. Мәжілісмен мәселені шешу жолы ретінде дін мәселесін қатаң реттеу керектігін ұсынды.

«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені. Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар, салафизм идеясына табынушылар басып барады, яғни теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз», — деді Ермұрат Бапи Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.