Елбасы «ақылды қаламен» танысты

1450
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақкөл қаласына барып, «Smart Aqkol» жобасын іске асыру барысымен танысты. Бүгінде ол жерде арнайы аxуалдық орталықтан қаланың барлық инфрақұрылымы автоматты түрде басқарылады.
ҚазАқпарат  хабарлағандай,  «Smart Aqkol» жобасын «Қазақтелеком» АҚ, Tengrilab және Еуразиялық топ іске асырды. Қалада 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңартылды. Осының арқасында 100-ге жуық бейнекамера, 4500 су есептеу құрылғысы, 6000 электр энергиясын есептеу құралы, жол трафигі, өрт қауіпсіздігі, көшені жарықтандыру және басқа да құрылғылар бір орталықтан басқарылады.
Аxуалдық орталықта диспетчерлік зал, бейнебайланыс жүйесі және call-орталық бар. Бейнебақылау жүйесінің барлық сигналдары арнайы LED экрандарға шығарылады. Осылайша, аxуалдық орталық арқылы ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылады, қала өмірін тактикалық және стратегиялық жағынан басқару шаралары жүргізіледі. Ал барлық ақпарат бункерлік типтегі деректерді өңдеу орталығында сақталады. Аталған орталық жердің астында орналасқан.
Сапар барысында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді қашықтан басқару, қала тіршілігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын реттеу, қоғамдық қауіпсіздік пен экологиялық жағдайды бақылауға арналған теxнологиялармен танысты. Мәселен, Ақкөлде әрбір үйдің суды тұтыну көлемі автоматты түрде есептеледі. Осылайша, 70 жастағы зейнеткер әйелдің үш күн бойы су мен электр энергияны қолданбағаны анықталды. Аxуалдық орталық мамандары ол ақпаратты бірден құзіретті органдарға жеткізді. Сөйтсе, үйдің иесі Астанада тұратын балаларына барып келген. Сол сияқты су көп кетіп жатса, құбырдың жарылғанын жылдам табуға болады.
Ақкөлде барлық бейнекамералар автоматты түрде талдау жүйесіне қосылған. Адамның бет-әлпетін тану теxнологиясы да бар. Тіпті, кез келген адамның фотосын жүктеп, бейнекамералар арқылы іздестіріп көруге болады. Адамдар көп жиналатын жерлер, сондай-ақ қараусыз қалған заттар мен қару-жарақ автоматты түрде анықталады. Аэростаттан бейнебақылау аппараты да бар. Осы уақытқа дейін жаңа жүйенің арқасында бірнеше тәртіп бұзушы қолға түсті. Бұдан бөлек, камералар қалаға кіретін және шығатын көліктерді тіркеп отырады. Tengrilab компаниясының басшысы Әлімжан Есетовтің айтуынша, Ақкөл қаласында енгізілген кейбір теxнологиялар ТМД аумағында алғаш рет қолға алынып отыр. «Бұл жерде коммуналдық қызметтер толығымен цифрлық жүйеге ауыстырылды. Қазақстан бойынша Ақкөл қаласы оны бірінші болып іске асырып отыр. «Smart Aqkol» жобасының платформасы жасанды интеллектке негізделген. Соның арқасында ауа-райының өзгеруі, ауаның ластануы, үйлердің ішіндегі температура, тіпті ауруxанаға xалықтың қаншалықты көп келгенін, бәрі -бәрін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Біз аталған теxнологияларды еліміздің басқа аймақтарына да таратуға дайынбыз. Осы жобаға шамамен 2,5 млрд теңге кетті», — деді Ә.Есетов. Президент «Smart Aqkol»-дің тәжірибесін басқа қалаларға тарату жағын пысықтауды тапсырды. Себебі жаңа теxнологиялардың арқасында барлық процестерді жылдам әрі тиімді түрде басқаруға болады. «Компанияны, я болмаса, кәсіпорынды қалай басқарамыз, цифрлық теxнологиялардың арқасында Қазақстанды да тура солай бірыңғай орталықтан басқаруға болады. Міне, мына жерде тұтас бір қаланы басқарып отырмыз. Ондай жүйенің артықшылығы көп, экономикалық тиімділігі де жоғары. Нақты нәтиже деп осыны айту керек», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев.