Нұрәлі Әлиевтің компаниясы орнатқан дабыл жүйесі НЕГЕ істемей қалды?

667

2022 жылы Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті TNS-INTEC компаниясымен келісімшарт жасап, 1 120 538 143 (1 млрд 120 млн 538 мың 143) теңгеге жер сілкінісін ерте ескертетін дабыл жүйесін орнатуға келіскен. Алайда кешегі жер сілкінісі кезінде әлгі дабылды ешкім естіген жоқ…

Алматылықтардың наразылығы мынау: «Тиісті органдар алдын ала НЕГЕ ескертпеді? Ең болмаса жер сілкінісі кезінде НЕГЕ дабыл қағылмады?». Мұның жауабы біреу-ақ: күшті зілзаланы алдын-ала ескертетін автоматтандырылған жүйе мүлдем жұмыс істемейді.

Nege.Aqsha телеграм каналының жазуынша, Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев 2022 жылдың жазында TNS-INTEC компаниясымен 1 120 538 143 теңгеге келісімшарт жасасып, жер сілкінісін алдын-ала ескертетін автоматтандырылған жүйе сатып алған. Әлгі TNS-INTEC-тің құрылтайшысы Darmen Holding деген компания екен, ал кейбір ақпарат көздерінің жазуынша, ол компанияның түпкілікті иесі – экс-президент Н.Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев.

Айтпақшы, Алматы қалалық ТЖД бастығы Руслан Қасыбаевтың өзі жемқорлық бабы бойынша өткен жылы күзде сот үкімімен 3 жылға сотталып кеткен

ДЧС
Фото: ғаламтордан

Келісімшарт бойынша TNS-INTEC Алматыға 28 станция орнатып, ол орталықтар күшті жер сілкінісінің толқыны жақындап қалғанын ТЖД мен Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығына алдын ала белгі беріп, дабыл қағуға тиіс болатын. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы халықты да хабардар етуге міндетті еді. Алайда дабыл мен ескертуді ешкім естіген де, көрген де жоқ.

Істемейтін дабыл жүйесіне қаржыны жергілікті бюджеттен қарастырып қойған. 2022 жылға – 547 925 973 теңге, 2023 жылға – 572 612 169 теңге.

Өткен жылдың қазанында Әлиевтің компаниясы атқарылған жұмыс жөнінде акт өткізген. Бірақ ақшасы әлі төленген жоқ. Істемейтін дабыл жүйесіне бюджеттің миллиардын шығындау қажет пе?