ТҮРКІСТАН: «АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ» ШИПАЖАЙЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

1130
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторларды қабылдап, әріптестікті нығайту жолдарын талқылады. Оның ішінде «Ақсу-Жабағылы» шипажайын дамыту, туристік нысан салу және өзге де мәселелер бойынша келіссөз жүргізілді. Өңір басшысына жобалар таныстырылды.
«SINERGY GROUP KAZAKHSTAN» компаниясының президенті Мұхтар Турабеков компанияның жобалары туралы баяндады. «Ақсу-Жабағылы» шипажайын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында ұсыныстарын жеткізді. Аталған компанияның түркиялық серіктесі, белгілі инвестор Шекер Джемалеттин де туризмді дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. Қос тарап бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Инвесторлар табиғаты ғажайып жерде орналасқан аса танымал емдеу-сауықтыру шипажайының модернизациялауға 2 млрд. теңге жұмсамақ. Заманауи емдеу-сауықтыру орындарымен қатар 250 төсек-орынға шақталған қонақ үй стандартына сай ғимарат бой көтереді. Сөйтіп шипажайдың адам қабылдау мүмкіндігі екі есе артып, 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болмақ.
Жаңартылған шипажай заманауи құрылғылармен толығып, физиотерапия емдерінің түрлері артып, ағзаны саумалмен емдеу тәсілі қосылады деп жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі