Тшанов: Біздің спортшылардың ойында ақша ғана тұрады…

1061

Париж төрінде өтіп жатқан Олимпиадада бокшыларымыздың біразы жарыс жолынан шығып қалды. Еліміздің үмітін тек екі бокшымыз ғана ақтағалы тұр. Дегенмен еліміз бокстан жоғары нәтиже көрсетеміз деп үміттенген еді.

Аbai.kz тілшісі мемлекет және қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, талай жыл спорт саласында қызмет еткен маман Амалбек Тшановтан бокшыларымыздың жүлдеге қол жеткізе алмауының себебін сұрады.

Амалбек Тшанов:

— Боксшыларымыздың жоғары нәтижеге қол жеткізе алмауының бірнеше себебі бар. Ең алдымен спортшылар жас кезінен таңдап алынуы керек. Өйткені олардың потенциалы спорт мектебінде оқып жүрген сәтінен білінеді. Біз таңдап алған спортшыны әрі қарай жетілдіруге күш салуымыз керек. Қазір ол жағы кемшін.

Бізде жалпы жүйе дұрыс емес. Қазір бас бапкердің айналасынан шыға алмай жүрміз. Ал нағыз бапкерлер соның көлеңкесінде қалып қоюда.

Кезінде біздің боксерларымыз кемінде 3-4 алтын алып келетін. Ол кездегі бокс федерациясы жүйелі жұмыс істейтін. Спортшыларымыздан мінез байқалатын. Ал қазір бізде таңдау дұрыс жасалмайды.

Одан бөлек дайындықта тиянақтылық, жан-жақтылық жетіспейді. Бокстың тактикалдары да игерілмеген. Тіпті, жай ғана дұрыс қорғануды білмейді.

Алдындағы Олимпиадада спортшыларымыз қола жүлдемен оралғанын білесіздер. Биылғы додада екі бокшымызға ғана сенім артып отырмыз.

Тағы бір мәселені айта кетейін, қазір спортшыларды алған жүлдесіне берілетін қаржы алаңдатады. Менің ойымша, спортшының көз алдына ақша ғана елестеп тұрады. Бұл дұрыс емес. Біз жүлде алған спортшыны батыр жасап, көкке шығарып жібереміз. Өкініштісі, сол жұлдыз болып, жерге түсе алмай қалатындары бар. Әрине, әр спортшы тиісті сыйын алу керек. Бірақ, олардан батыр жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол ел намысын асқақтатуы үшін бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай күш салуы керек. 

Abai.kz