Шымкентте тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы төмен

1090

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өңірлерде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.

«Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 34 169 үй қамтылған, бұл жоспардың 68%-ын құрайды. Шымкент қаласында тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығының төмендігі байқалады. Өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды құрайды. Бес өңір жоспардан қалыс. Олар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, облыстары және Алматы қаласы.

Денсаулық сақтау объектілері бойынша дайындық 87%-ды құрайды. Төмен көрсеткіштер Қарағанды, Алматы, Ақмола, облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында байқалған.

«Республика бойынша 546 шақырым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінге дейін оның 354 шақырымы немесе 65%-ы жөнделді. Бес өңірде желілерді жөндеу бойынша жоспардың 50%-дан кемі орындалды, оның ішінде Шымкент қаласында – 31%, Маңғыстау облысында – 41%, Атырау, Қостанай және Абай облыстарында – 49%», — деді Қ. Шарлапаев.

Еске салсақ, бұған дейін жылыту маусымына 8,6 млн тонна көмірге қажеттілік бар екенін жазған едік.