Уақытты кері қайтару… Бұл саяси ойын ба?

485

Биыл наурыз айында елімізде уақыт белдеуі теңесті. Бұл шешімді қолдағандар да, қарсылар да болды. Өйткені ел аумағының батыстан шығысқа қарай ұзындығы 3000 шақырымнан асады, ал шығыстың, батыстың түпкір аймақтарындағы уақыт тек ресми түрде ғана астанамен сәйкес келеді.

Үкіметке бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияға қол қойғандар саны 50 мыңнан асты. Алайда жарты жылдан бері халық үндеуіне шенеуніктер құлақ аспады. Бірақ жуырда «Аманат» партиясы Үкіметке уақыт белдеуін кері қайтару туралы ұсыныс тастап, әлеуметтік желіге видео жүктеді.

– Бәлкім жаңа уақыт белдеуі Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан үшін ыңғайлы болар. Бірақ Шығыс үшін тиімсіз, онда таң сағат екі жарымда атады. Сиырдың мөңіреген даусынан оянасың, кешкі 5-6-да тас қараңғы. Бізде екінші және үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар үйіне қалай қайтады? Ауылдық жерлерде тіпті жарық жоқ, – деген Мақсат Толықбай уақыт белдеуін ауыстырмас бұрын зерттеу керек екенін, денсаулыққа қаншалықты зиян тигізгенін анықтау қажет екенін айтты. Солтүстік пен шығыс өңірлерінің тұрғындары да бұл пікірмен келісіп отыр.

Мәжіліс депутаты
Фото: ғаламтордан

– Семей облысында бұрынғы уақыт белдеуімен кеш 21.00-де бататын. Ал қазір 19.00-ге қарай күн батады. Өзім жер үйде тұрамын, ата-анам бау-бақшамен айналысады. Кеш батқан соң бірден жарықты қосуға тура келеді, өйткені айналаны көру мүмкін емес. Уақыт белдеуі ауысқан соң, энергия шығындары азаяды деп еді, алайда қазір біз тек шығынға батып отырмыз, – дейді семейлік тұрғын.

Балалары екінші ауысымда оқитын ата-аналар да уақытты кері қайтаруын сұрайды.

– Оқу басталғалы бері, беске қарай кеш батады. Менің балаларымның бірі бірінші ауысымда оқыса, бірі екінші ауысымда оқиды. Егер қазірдің өзінде кеш бесте батса, қыс мезгілінде кеш үште бататыны анық. Бұл өте тиімсіз деп ойлаймын. Балаларымды уайымдап отыратын болдым, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Александра Осипова.

Қазақстан
Фото: ғаламтордан

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова уақыт белдеуі ауысқанымен энергия пайдалану жүйесі бойынша өзгерістердің байқалмағанын айтты. Ал құқық қорғаушы Сергей Дуванов мұны «биліктің қателігі» деп бағалайды.

– Билік уақыт белдеуін ауыстырудан қателескенін түсініп отыр. Бәлкім, билік партиясы алда келе жатқан саяси науқандарға байланысты халық алдында ұпай жинау үшін бұл мәселені қайта көтеріп отырған да шығар?, – дейді ол.

Билік партиясының депутаттарының уақытты кері қайтару туралы ұсынысы халық алдында ұпай жинау ма, әлде қателікті түзетуге тырысу ма? Бұл сұрақтың жауабын көп ұзамай білетін боламыз.

Аяулым Жаманқара, Астана.