Шымкент-Қытай кәсіпкерлері B2B форматында келіссөздер жүргізді

476

Шымкент қаласының ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында Бас консулдықтың қолдауымен бауырлас қалалалардың кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті.

Шымкент қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сондай-ақ, Шымкенттің 20-ға жуық компаниясы мен Қытайдың 30-дан астам кәсіпорын өкілдері арасында B2B-кездесулер өтті.

Шымкент-Қытай
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Шымкент бизнес-делегациясының құрамына денсаулық сақтау, IT, электр жабдықтарын өндіру, құрылыс материалдары, металлургия, тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру, қоғамдық тамақтану және т. б. салалардағы бизнес өкілдері қатысуда.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысушыларды құттықтап, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің оң динамикалық өсуін атап өтті.

«Бүгінгі кездесулер сындарлы ынтымақтастыққа ықпал етіп, екіжақты жаңа жобаларды іске асыру перспективаларына жол ашатынына сенімдімін. Сиань «Бір белдеу-бір жол» бастамасының Жібек жолы Экономикалық белдеуінің маңызды нүктесі болып табылады. Өткен жылғы сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Шымкент пен Сиань арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімдер бойынша бірқатар құжатқа қол қойды. Бұл шаралар екі қала арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жандандыратыны сөзсіз», — деді Ғ.Сыздықбеков.

Шымкент-Қытай
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сондай – ақ, ол Шымкент — халық саны бойынша Қазақстанның үшінші ірі қаласы және алып жатқан ауданы бойынша бірінші қала екенін атап өтті. Қала Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерімен белгіленген экономикалық байланыстары бар шекара маңы аймағы мәртебесіне ие және елдің маңызды көлік торабы болып табылады. Мұнда елдің өнеркәсіптік әлеуеті шоғырланған.

«Қалада инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, жалпы ауданы 869 га 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Бұдан басқа, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, мұнай химиясын, логистиканы дамыту үшін өңдеу өнеркәсібінде 2 098 га аумақта 7 қосымша өндірістік алаң құру бойынша жұмыстар жүргізілуде»,-деді ол.

Ғабит Сыздықбеков қала әкімдігі Шымкент қаласында сауда қатынастарын орнату және инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсететінін атап өтті.

Шымкент-Қытай
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар, келіссөздер барысында екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Қытайлық серіктестер азық-түлік өндірісі, логистика, машина жасау, денсаулық сақтау және медицина салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.

Өз кезегінде шымкенттік кәсіпкерлер металлургия, логистика, целлюлоза — қағаз және тамақ өнеркәсібі, машина жасау салаларында іскерлік әріптестікті арттыру мүмкіндіктерін жеткізді.

Форум мен кездесулердің қорытындысы бойынша B2B форматында меморандумдар мен шарттарға қол қойылды.

Шымкент-Қытай
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Атап айтқанда, «Invest Shymkent» ЖШС мен «China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group» арасында «KazFerroGroup» ЖШС мен «Shanxi Heynan New Metallurgical Equipment Co.» ЖШС арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. «LTP — JT food Expert» ЖШС мен «Xi ‘ an gang Tong Tian Xia Dian zi Shang Wu You Xian Gong Si» арасында-қоғамдық тамақтану саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы, сондай-ақ «KazBioTech» ЖШС мен «Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd» — өсімдік майын жеткізуге арналған келісімшарт жасалды.

Шымкент-Қытай