Нәлібаев Назарбаев паркіне 13 млрд теңге жұмсайды

295

Қызылорда құрылыс алаңына айналды. Соңғы жылдары аймақтың жергілікті пабликтерінде жарық көретін ақпараттардан осы тіркесті жиі оқуға болады.

 Расымен, соңғы жылдары Сыр елінде ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылып жатыр. Көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ескі ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы шенеуніктердің назары облыс орталығындағы демалыс парктері мен саябақтарға ойысқандай. Солардың ішінде Тұңғыш Президент атындағы саябақты абаттандыру бар.

Тұңғыш Президент атындағы саябақ қаланың шет жағында орналасқан. Көп жыл бұл паркке тұрғындар көбіне тек фотосессия жасау үшін келетін. Соңғы жылдары ғана қызылордалықтардың отбасымен пикник жасап, тынығатын орнына айналды. Парктің жалпы аумағы 64,5 гектар. 2007 жылы ашылған саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген екен.

Аталған саябақтың құрылыс жұмыстарына 13 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Тапсырыс беруші – Қызылорда қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Алайда бұл бастаманы аймақтың белсенділері мен табиғат жанашырлары қолдамай отыр. Олардың айтуларынша, абаттандыру нәтижесінде ондаған жылда әрең өскен ағаштардан айырылып қалу қаупі жоғары.

«Тұңғыш Президент саябағы жаз мезгілінде халықтың тынығатын орнына айналып келе жатыр еді. Енді келіп бюджет қаржысынан 13 млрд теңге жұмсап «абаттандырамыз», ойын-сауық орнын жасаймыз дегені алаңдатып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын қаланың басты көшелері саналатын Назарбаев даңғылы мен Сұлтан Бейбарыс көшелерінде де құрылыс жұмыстары жүргізілген еді. Сонда мыңдаған тал түбінен қопарылды, қалғандары суару жүйесі бұзылғаннан қурап тұр. Нәтижесінде Қызылорда қаласының жасыл желектері жылдан жылға көбеюдің орнына азайып жатыр. Абаттандырған, орындық орнатылған жерлерде демалып жүрген адам көрмейсіз, себебі жазда саялайтын көлеңке жоқ», – деп ашынады қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев.

Қызылордалық азаматтың айтуынша, құрылыс жұмыстарынан кейін Тұңғыш Президент саябағында да жасыл желектерді таппай қалуымыз әбден мүмкін. Мұндай шешім қабылданбас бұрын, сала басшылары мамандардың пікірін ескергендері дұрыс. Табиғат жанашыры ескі саябақты абаттандырғаннан гөрі, қаланың сол жағалауынан жаңа парк салуды ұсынады. Бірақ бұл пікір естусіз қалып отыр.

«Облыс басшылығы «құрылыс пен абаттандыру» деп плиткалау, асфальттауға қаржы игерудің соңында кеткен сияқты. Қала әкімдігі өздігінен шешім қабылдамайтын, тек орындаушы ғана болып қалды. Бұл жақсы тенденция емес, онсыз да экологиялық апат аймағында тұратын халыққа жасыл желек, оттегі керек», – деп пікірін білдірді Болат Жолтайұлы.

Тұңғыш Президент саябағы жанында «Еңбек» және «Сабалақ» саяжайлары орналасқан. Мұндағы тұрғындар да ірі құрылыс жұмыстарының басталғалы жатқанынан хабардар. Алайда көпшілік қыруар қаражатты саябақты сәндеуге емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалғанын қалайды. Саябақ «көршілері» бірнеше жылдан бері көгілдір отын сұрап, әкімдік табалдырығын тоздырып жүр.

«Бүгінде қаланың дәл іргесіндегі «Сабалақ» саяжайының тұрғындары әрең дегенде күндерін көріп отыр. Мұнда қазір бес мыңға жуық халық тұрады. Жылдар бойы орындалмай келе жатқан уәделерден әбден шаршадық. Қаншама жыл әкімдікті жағалап, саяжайға газ кіргізіп беруін сұрап келеміз. Өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған болатын, қазір мүлдем тоқтап қалды. Биылғы қыста «Сабалақта» бір отбасы көмір иісіне уланып қалды, оған назар аударған ешкім жоқ. Абырой болғанда, адамдар тірі. Залалсыздандырылмаған су ішіп отырмыз, көшелердің жағдайы тіпті нашар! Тұңғыш Президент паркін абаттандыруға ойланбай-ақ 13 миллиард теңге қаржы бөлген басшылар, ең болмағанда 3 млрд теңге «Сабалаққа» бөлсе ғой, қаншама халық игілігін көріп, алғысын айтар еді», – дейді қызылордалық Гүлсанем Әукенова.

Жауапты сала басшылары өз кезегінде Тұңғыш Президент атындағы саябақты абаттандыру ірі жоба екенін айтады. 13 млрд теңге паркті заманауи демалыс орнына айналдыруға жұмсалатынын жеткізуде. Парк ішінде 3 аллея, 3 бөліктен тұратын субұрқақ, 1 амфитеатр, 1 бетон-скейтпарк, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, сондай-ақ көптеген шағын сәулеттік пішімдер және аттракциондар болмақ. Сонымен қатар саябақ арқылы өтетін барлық аллеялар мен тротуарлар бір-бірімен байланыстырылып, бұл маршрутты оңай және жылдам салуға, саябақтың дұрыс нүктесіне жетуге мүмкіндік береді. Вело-жүгіру жолы бүкіл саябақ арқылы шағын және үлкен шеңбер бойымен өтеді, жобада модульдік-санитарлық ғимаратын орналастыруға арналған алаңдар қарастырылған. Бақшада жасанды тоған, тоған үстіндегі көпір, стилистикалық ағаш беседка және демалуға арналған орындықтар бар. Мұнан өзге биіктікке өрмелеу нысаны, ойын құрылғылары, фитнеске арналған спорт қондырғылары, теннис корты, биіктігі 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракционы, балаларға арналған түрлі әткеншектер, тамақтану орындары, би алаңы, паркур, стритбол, сахна, сарқырама каналдары, канал үстінен көпірлер, бадминтон, шахмат, волейбол, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы, дария жағалауындағы жүргіншілер жолы, модульдік санитарлық ғимарат қарастырылмақ. Паркке ауыз су, кәріз су желілері тартылып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қоса жүргізілмек екен.

«Тұңғыш президент паркін қайта жаңғырту барысында тал ағаштары кесілмейтіндігін хабарлаймыз. Керісінше көгалдандыру жұмыстарына тал ағаштары мен жеміс ағаштары егілу қаралған, әртүрлі гүлдер отырғызылады, саябақ салынады», – дейді Қызылорда қаласының ЖКХ бөлімі.

Алайда жауапта бөлімнің бұл жауабы қоғам белсенділерінің күдігін туғызып отыр. Қалай дегенмен, саябақтың абаттандыру жұмыстары көп ұзамай басталмақ. Жоспар мен нәтиже қандай болатындығын уақыт көрсетеді.

Арман Нұртай

Қызылорда облысы