71 миллион теңге: Шымкентте өтетін «Бабалар аманаты» кімге аманат?

80

Бұл сонда мәдени мұраға деген құрмет пе, әлде Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әдеттегідей өткізгісі келетін PR-науқан ба?

2025 жылдың тамызында Шымкент қаласында өтетін «Бабалар аманаты» атты әдеби-музыкалық тарихи іс-шараға бюджеттен 71033 930 теңге (ҚҚС-сыз) бөлініп отыр. Ресми құжатта бұл сома салтанатты концерт ұйымдастыруға бағытталатыны нақты жазылған. Бірақ Мемлекеттік сатып алу порталындағы құжатпен мұқият танысқанда, бұл іс-шараның артында көзбояушылық, негізсіз шығындар мен есепсіз баптар жатқанын байқауға болады. Бұл сонда мәдени мұраға деген құрмет пе, әлде Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әдеттегідей өткізгісі келетін PR-науқан ба? Бұл сұрақ көптің көкейінде жұмбақ күйінде ғана қалып отыр…

Бағдарламасы «бос мазмұн»

Іс-шараның сипаттамасы мен талаптарын оқысаңыз, еріксіз көз сүріндіреді: сценарий, режиссура, концерттік бағдарлама, LED экрандар, фотозоналар, 3D-графика, 100 роза, 500 грамоталық бланк, 1500 Вт прожекторлар, 90 радиомикрофон, 88 антенна, тіпті 70 дана «интеллектуалды лампа». Мұның барлығы – театрландырылған қойылым үшін емес, бір реттік шоу үшін ғана қажет құралдар.

Бірақ солардың ешқайсысы нақты көркемдік мазмұн, ұлттық идея, тәрбиелік мағына жайлы тіс жармайды. Іс-шара формасы жағынан тамаша көрінуі мүмкін, бірақ мазмұны – бос қауыз ғана. Иә, олай деуімізге себепте жоқ емес. Осындай «сәнді» жобалар, өкінішке қарай, еліміздің көптеген өңірінде қалыпты ғадетке айналған. Мереке мен мәдениетті араластырып, патриотизм мен бюджетті қатар «игеріп», барлығы дерлік есеп үшін ғана өткізіліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бір рет қана болатын «концертке» сценарий жазуға, сахна жабдықтауға, ақпараттық сүйемелдеу үшін жүз мың не бес жүз мың теңге емес, он миллиондаған теңге жұмсалуы – ақылға қонбайтын есуастық. Есесіне, сол іс-шарадан кейін қандай нәтиже қалады деп ойлайсыз? Әрине, жауап біреу-ақ. Бірнеше фото мен бір күндік видеоролик қана қалады. Ал мұны ойлап, бас қатыруға Шымкент әкімдігінің қауқары да, жұмыс істетуге «басы» да жетпей тұрғанға ұқсайды.

Кімдер ұтады, кімдер ұтылады?

Мұндай «уралаған» өтірік іс-шараларда нақты кімнің ұтатыны я ұтылатыны – жиі қойылатын сұрақ. Белгілі бір продакшн студиялар, сахналық жабдықтаумен айналысатын серіктестер, типографиялар – бәрі өз үлесін алып үлгерер. Тіпті олардың әкімдікке жиі жақын жүретін «белгісіз біреулер» болуы да мүмкін. Ал көрермен ше? Қоғамдық сана ше? Олар бұдан соң ұта ма, тыла ма? Әкімдіктің оған ойланатын уақыты да жоқ сыңайлы. Сондай-ақ құжатта концертке кемінде 15 танымал әнші мен би тобы тартылуға тиіс деп көрсетілген. Бірақ олардың нақты кім екені, қандай деңгейде өнер көрсететіні, не үшін таңдалғаны туралы бірде-бір объективті критерий жоқ. Бастысы – «жұлдыз» болу жеткілікті. Сонда Шымкентте 15-20 мыңға болсан тойға шыға беретін «жұлдыздар» миллиондап ақша алып, бір жасап қалар ма екен?! Жалпы осындай атауы «Бабалар аманаты» деп алыстан менмұндалап тұрған жобаларға әнші шақыру ыңғайсыз емес пе? Әрине, бұдан әкім мен әкімнің айналасындағылар ұтады, ал қарапайым халық ұтылған үстіне ұтыла бермек.

Құжатта көрсетілген кейбір техникалық талаптарды оқысаңыз, жағаңызды ұстай қаласыз:

  • LED‑экран – кемі 25 метр, жоғары айқындық;
  • Роботтандырылған прожекторлар, түтін генераторлары (HAZER‑600 × 2);
  • 100 дана радиомикрофон, 90 антенна‑комбайн, 91 дана 50 Ом кабель;
  • 53 ақылды аспап контроллері, 85 интеллектуалды консоль.
  • 15‑тен аз емес эстрада/дәстүрлі өнер жұлдызы, толық жолақы және төрт‑бес жұлдызды қонақүй;
  • Хореограф, режиссер, дыбыс‑жарық мамандары, stage‑менеджер.
  • Қала аумағында 540 билборд;
  • Әлеуметтік желілерде 100 мыңнан кем емес аудиториясы бар парақшаларда 5 пост;
  • 400 ш.м баннер, 30 ш.м сахналық декорация, фотозона (12 × 4 м) және қызыл жол (14 М)

Ал осы бюджеттен кететін шығын еді, яғни бюджеттен бөлінетін 71 миллион теңге балабақшадағы орын тапшылығын жоюға, мектептердегі компьютерлік базаны жаңартуға, балалар үйіне көмек беруге немесе мүмкіндігі шектеулі жандардың инфрақұрылымына жұмсалса, қоғамдық пайда әлдеқайда жоғары болар еді. Ал мұндағы көздеген мақсат – көрінетін нәрсе жасау. Сәнді сахна, жарқыраған экран, ұран жазылған баннер. Жыл сайын дәл осындай форматтағы іс-шаралар көп өтеді, бірақ одан нақты бір өзгеріс не нәтиже байқалмайды.

Мәдени іс-шараларды сынау – мәдениетке қарсы шығу емес. Керісінше, қоғамды шынымен байытатын, тарихи сананы көтеретін, жастардың ұлттық болмысына әсер ететін мәнді жобаларды талап ету – нағыз жауапты азаматтық позиция. «Бабалар аманаты» сынды атауы ұлтты тәрбиелеуге бағытталған жобалардың сапасы, мазмұны мен формасы – бірдей жоғары деңгейде болуы тиіс. Әйтпесе, «аманат» емес, жай есеп беру мен көзбояушылық болып қала береді. Техникалық парақ 57‑бетке созылады: фанера, ПВХ, алюминий профиль, акрил бояу, 70‑тен аса жарық приборы, 2500 Вт‑тық прожекторлар, 30 қорап өздігінен желімделетін винил – бәрі жеткізуші есебінен.

Альтернатив нұсқа

Іс-шараны өткізетін спецификация нақты стандарттарды емес, шамадан тыс детальданған тізімді қамтиды. Мұндай тауарлар мен қызметтер бағасы көбіне «нарықтық» шекті көрсеткіштен жоғары қойылатыны тәжірибеде талай рет байқалған.

Ұсыныс Орташа жергілікті құны 71 млн теңгеге балама
Бір мектепке күрделі жөндеу 70–75 млн ₸ 1 мектеп
1 жедел жәрдем көлігі 35 млн ₸ 2 автокешен
Ауызсу құбыры (1 км) 22 млн ₸ 3 км
1 аула абаттандыру 18–20 млн ₸ 3–4 аула

Шымкент – ең жас тұрғындары бар мегаполис. 2024 жылғы мәліметке сәйкес, қалада 14 мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді, жедел жәрдем паркін жаңарту талабынан бөлек, кей елді‑мекендерде ауызсу желісі жетіспейді. Демек 71 млн теңге «концерттік шығын» қоғам алдындағы тіршілік мүдделерін ығыстырады. Сонымен қатар көрсетілген спецификация нақты стандарттарды емес, шамадан тыс детальданған тізімді қамтиды. Мұндай тауарлар мен қызметтер бағасы көбіне «нарықтық» шекті көрсеткіштен жоғары қойылатыны тәжірибеде талай рет байқалған.
Құжатта сатып алу әдісі нақты жазылмаған, бірақ талаптарының күрделілігі тар салалық жеткізушілерді ғана қамтиды.

Қоғамға не береді?

Техникалық ерекшелікке тапсырыс беруші қайта-қайта түзету енгізе алады. Бұл адал бәсекелестікті шектеп, «жақын» мердігерге артықшылық береді.
Порталдағы құжатта детальды баға позициялары көрсетілмеген; жалпы сомасы ғана берілген. Әр материалдың, әр қызметтің нақты құны болмайынша, бюджеттік бақылау формалды сипатта қалады. Концерт өтеді де, бір күндік эффектпен шектелуі ықтимал. Ұрпаққа қалатын тұрақты контент не инфрақұрылым компоненті қарастырылмаған. Әзірге ұсынылған құжат шығыны көп, нәтижесі күңгірт жобаның әсерін қалдырады.

Сөз соңында айтарымыз мынау, 71 033 930 теңгеге өтетін концерттен кейін қоғам не алады? Мына жұртшылыққа не қалады? Жарқ-жұрқ еткен көрініс, екі-үш мақала, фотосурет, бір сәттік әсер ме? Әлде жаңа көзқарас, рухани жаңғыру, ұрпақ санасына ықпал ететін терең ой ма? Егер соңғысы болса, яғни әкімді тым ақылды, «рухани жаңғырған» болса, ақша осылай оңды-солды қоғамға еш пайдасыз жобаларға құртапс еді…

Әрине, әр сұрақтың жауабын бізден бұрын тарих береді. Бірақ сол тарихтың алдында біз есеп беретін күн де алыс емес. Сондықтан тарих халықтың ақшасын есепсіз жойған «қаскөйлердің» тізімін біртіндеп жазып отыр…

 

sn.kz