«Ұятқа қалғандардың рейтингі»: Қай өңір көштен қалды?

626

Елде көпірлер опырылып, мектептер шала салынып, әкімдер өз кабинеттерінен шықпай, министрлер иығын қиқаң еткізіп қана жауап беретін болса, халықтың ойына бір ғана сұрақ келеді. «Билік қалай жұмыс істеп жатыр?». Қазақстан Құрылысшылар одағы осы сұраққа жауап іздеп, әкімдіктер мен министрліктердің қаншалықты тиімді жұмыс істегенін зерттеп, рейтинг жасады. Бағалау әділ болды. Кім ашық жұмыс істейді, кім бюджет қаржысын оңды-солды шашады, кім парамен ұсталып жүр… Бәрі түгенделді. Orda.kz тілшісі құрылысшылар одағының сараптама бөлімін басқаратын Ернұр Исақұловпен сөйлесіп, қай өңірдің көш алдында екенін, қайсысының көштен қалғанын анықтап көрді.

Құрылысшылар одағы шенеуніктердің әлеуметтік желідегі белсенділігін, индустрияландыру карталарын, бюджетті игеру туралы құжаттарды және Бас прокуратураның статистикасын қарап шыққан. Бірақ ең бастысы — бұл салада шын жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен мамандар арасында жүргізілген сауалнама.

 

«Қазақстан Құрылысшылар одағында 1500-ге жуық компания бар. Барлық қала мен облыстарда бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Біз нақты адамдар арасында сауалнама жүргіздік»,— дейді Исақұлов.

Қай әкімдік құрылысқа жоспарлы түрде жауапкершілікпен қарайды, ал қайсысы есеп-қисапты жасырып әлек?  Осыны саралап көрсек…

Кім ұятты білмейді?

Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 907 мемлекеттік қызметкер жемқор деген күдікке ілінген. Соның ішінде 7 әкім де бар.

Ең жиі тіркелетін қылмыстар — мүлікті заңсыз иемдену мен пара алу.

Жемқорлық істері бойынша көш басында әкімдік қызметкерлері тұр — 248 іс. Одан кейін ІІМ — 131 іс, егер ҚАЖК-ны ескерсек— бұл сан 163-ке жетеді.

Жемқорлық істерінің жалпы саны 1,64%–ға азайғанымен, одан келген залал үш есе өсті — 150 миллиард теңгеден асты. Бұл — бір аймақтың жылдық бюджетіне шаққанда, бір мектеп, аурухана, жол және жаңа су құбыры деген сөз.

Құрылысшылар одағының антирейтингі: кім көштен қалды?

Сарапшылар дайындаған жемқорлық картасында ең төмен баға алған өңірлер — Астана мен Шымкент. Екеуіне де минус 10 бал қойылған. Бұл туралы құрылысшылар одағының сарапшысы Ернұр Исақұлов ашық айтты:

«Жемқорлық деңгейін бағалағанда, біз Бас прокуратура ұсынған деректерге сүйендік. Яғни, қанша қызметкер жемқорлық дауына іліккен. Ең жоғары көрсеткіш Астана мен Шымкентте тіркелді. Бұл — сол өңірлердің әкімдіктерінде жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты»,— дейді Исақұлов.

Келесі орында:

  • Алматы қаласы — (-9) бал
  • Түркістан облысы — (-6) бал
  • Павлодар облысы — (-5) бал
  • Даусыз антирекорд — Ішкі істер министрлігі. Министр Ержан Сәденов басқаратын ведомство максималды (-10) бал жинаған. 

Қалған «кері жүзетін рекордшылар»:

  • Ауыл шаруашылығы министрлігі, Айдарбек Сапаров —  (-5) бал
  • Қаржы министрлігі, Мәди Такиев —  (-3) бал
  • Төтенше жағдайлар министрлігі, Шыңғыс Арынов —  (-3) бал
  • Денсаулық сақтау министрлігі, Ақмарал Әлназарова —  (-3) бал

Ал мына министрліктерде бірде-бір жемқорлық дерегі тіркелмеген:

  • СІМ 
  • Мәдениет министрлігі
  • Цифрландыру
  • Оқу-ағарту
  • Ұлттық экономика
  • Ғылым
  • Әділет
  • Спорт
  • Индустрия және Су ресурстары министрлігі.

Бюрократиялық елес пе, әлде ашық билік пе?

Билік ашық болмаса, халық үшін жай ғана бюрократиялық елеске айналады. Осы ойды негізге алған сарапшылар әлеуметтік желілердегі белсенділік пен қолжетімділікті бағалады.

«Біз Facebook пен Instagram парақшаларын қарап шықтық. Кейін одақ мүшелері арасында сауалнама жүргіздік. Шенеуніктер қаншалықты ашық, пікірлерге жауап бере ме, әкімнің қабылдауына кіру оңай ма? Осының бәрін ескердік»,— дейді Исақұлов.

Нәтижесінде ең ашық әрі бүкпесіз саналғандар:

  • Астана қаласының әкімдігі — (+10) бал
  • Алматы қаласының әкімдігі — (+9) бал
  • Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу — (+10) бал
  • Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева — (+10) бал

Ал есігін тарс жауып алатындар:

  • Ұлытау облысының әкімдігі —  (+2) бал
  • Абай, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері — (+ 3) бал
  • Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов — (+4) бал

Бюджет: кім миллиардтарды игеріп жатыр, кім уақытты текке созып отыр?

Егер бір өңірде мектеп, жол немесе су құбыры салынбаған болса, бұл олардың тек қағаз жүзінде ғана бар екенін білдіруі мүмкін. Сондықтан сарапшылар шын мәнінде іске асқан жобаларға қарап өлшеді:

«Бізде игерілген қаражат туралы ашық құжаттар бар. Солар негізінде 10 балдық жүйемен бағаладық: қанша қаржы бөлінді және соның қаншасы нақты игерілді. Сонымен бірге өңірдегі даму қарқынына, не салынды, не іске қосылды? Соған қарадық»,— дейді Ернұр Исақұлов.

Мемлекет бөлген қаражатты тиімді игерген әкімдіктер:

  • Шығыс Қазақстан облысы — (+9) бал
  • Түркістан облысы — (+9) бал
  • Шымкент қаласы — (+9) бал
  • Қызылорда облысы — (+9) бал

Ең әлсіз өңірлер:

Атырау, Маңғыстау, Ұлытау және Абай облыстары — небәрі 4–6 бал.

Экономикаға бағдар: зауыттар қайда, сандар қайда?

Исламқұлов әр өңірде салынуы тиіс зауыттар мен жобалар көрсетілгенін айта кетті.

«Мысалы, 2024 жылдың қыркүйегіне дейін зауыт салу жоспарланған. Біз барлық облыстарға сұрау салдық. Министрлік арқылы нақты деректер алдық. Қай зауыттар салынды, қайсысы аяқталмай қалды? Бұдан бөлек, біз өндірістік нысандардың, карьерлердің, әлеуметтік, сауда, инфрақұрылым нысандарының ашылу көрсеткіштеріне қарадық. Құрылысшылар соңғы болт бұралмайынша, зауыттың жоқ екенін жақсы біледі», — деді Исламқұлов.

Құрылысшылар сот бағыты басқа арнаға бұрылмайынша, зауыт жоқ екенін айта кетті. Шынайы құрылыс жүріп жатқан өңірлер:

  • Қарағанды және Павлодар облыстары — (+10) бал
  • Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары — +8–9 бал

Көш соңында:

  • Жетісу және Атырау облыстары — (+3) бал
  • Ұлытау және Маңғыстау облыстары — (+4) бал

Жыл үздіктері мен «сағымдар»

Бұл рейтинг — жай есеп емес. Бұл — айна, және ол шындықты көрсетті. Құрылысшылар одағы мұндай зерттеулер жергілікті басқарудың сапасына тікелей әсер етеді деп санайды:

«Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері — инфрақұрылым жобаларының орындалу қарқынына, бюджет игеруіне, инвестиция тартуға және бизнеске жағдай жасауға тікелей әсер етеді. Бұл рейтинг — нақты жағдайды көрсететін құрал және жергілікті басқаруды жақсартуға көмектесуі мүмкін».

Қорытынды:

  • Жыл министрі — сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу. Барлық критерийлер бойынша шекті бал. Жемқорлық дерегі жоқ.
  • Жыл әкімдігі — Қарағанды облысы. 23 бал, құрылыс және бюджетті тиімді пайдалану бойынша көшбасшы.
  • Жыл фантомдары — Ұлытау мен Маңғыстау облыстары. Ашықтық, құрылыс пен бюджет игеру бойынша ең төмен көрсеткіштер.
  • «Даудың ортасындағы министрлігі» — Ішкі істер министрлігі. Жемқорлық деңгейі ең жоғары, ал тиімділігі өте төмен.

Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі әлем бар секілді. Бір жақта әкімдер халықпен сөйлесіп, нақты нәтиже көрсетіп «жатыр». Екінші жақта томсарып, журналистерден қашып, халыққа көрінбей есігін тарс жауып алып, тек баспасөз хатшылары арқылы жауап қатып, соның өзінде құрғақ жауап қайтаратын «атқамінерлер». Шын мәнінде жүздеген миллиард теңге, іске қосылмаған зауыттар, халықтың үміті бәрі-бәрі тасада қалды.

Автор: Алина Пак