ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЗЫҒҰРТ» АВТОБЕКЕТІ АШЫЛУДА

253

Шымкент қаласы аумағынан Түркістан облысының оңтүстік аудандарына бағыт алған жолаушылар ағынын реттеу және заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында А-2 тас жолының бойынан жаңа «Қазығұрт» автобекеті ашылуда.

Жаңа автобекеттің жалпы аумағы – 1,2 га, ғимараттың ауданы – 1200 ш.м., орын саны – 150, тәуліктік жолаушылар ағыны – 600-1000 адам. Бағыттары — Жетісай, Асықата, Атакент, Мақтарал, Шардара, Сарыағаш, Абай, Жібек жолы, Қазығұрт, Рабат. Қазіргі таңда «Дархан» сауда үйі мен «Көмешбұлақ» базары маңынан қатынайтын облысаралық 14 тұрақты бағыттағы шамамен 65 автокөлік және 150-ге жуық тұрақты емес жеңіл такси көліктері «Қазығұрт» автобекетіне көшірілуде.

Жолаушылардың жаңа автобекетке ыңғайлы жетуін қамтамасыз ету мақсатында «Көмешбұлақ» аялдамасынан «Қазығұрт» автобекеті арқылы өтетін 9 қалалық маршрут сызбасы ұйымдастырылды. Олар: №5, 21, 32, 34, 35, 43, 56, 60 және 147 бағыттары.

Сонымен қатар, «Көмешбұлақ» базары маңындағы бейберекет автотұрақтардың орындарын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Республика даңғылынан Бадам өзеніне дейінгі аралықта арнайы қоршаулар орнатылады. Бұл шаралар жолдағы көлік қозғалысын реттеуге және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Бұған қоса, қала аумағындағы заңсыз жолаушылар тасымалы мен бейберекет тұрақтардың жұмысына тосқауыл қою мақсатында әкімдік тарапынан тиісті құзырлы органдармен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілу үстінде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі