Қазақстанда коронавирус таратқандар жауапқа тартылады

2263
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елге коронавируспен оралып, карантиннен жасырынатын адамдарға ескерту жасады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Әрине, кейбір жағдайда азаматтар тығылып, қайдан келгендерін жасырады. Өкінішке қарай, біздің жауапсыз азаматтарымыз бар. Біз бұл проблеманы шешу үшін техникалық мәселелерін қарастырып жатырмыз», — деді Біртанов ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің арнайы жарлығы туралы айтты.
«Карантиннен бас тартқан немесе қашып жүрген азаматтарға айтқым келеді: бұл жерде әкімшілік жауапкершілік бар. Егер ол ауырып, басқа азаматтарға жұқтырса, заңда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — деп ескертті министр.
Еске салайық, 1А санатындағы елдер — Қытай, Иран, Оңтүстік Корея және Италиядан келген азаматтар 14 күн бойы міндетті карантинге жатады. 1В санатындағы елдер — Франция, Германия және Испаниядан келгендер үйінде 14 күнге оқшаулануы керек.