Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесов Шымкент қалалық онкологиялық орталығына арнайы барып, медициналық мекеменің қызмет барысымен және ондағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Іс-шараға қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының төрағасы Абзал Зейнетаев пен партия филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев қатысты.
Айта кету керек, Шымкент қалалық онкологиялық орталығы алғаш рет 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес онкологиялық бекет ретінде құрылған. Уақыт өте келе оның ауқымы кеңейіп, 2019 жылдың ақпан айында Түркістан облысынан бөлініп, Шымкент қаласының дербес медициналық орталығы мәртебесін алды.
Қазіргі таңда орталықта онкологиялық ауруларды емдеуде заманауи технологиялар мен әдістер қолданылады. Мұнда жоғары білікті мамандар жұмыс істеп, тұрғындарға сапалы әрі кешенді медициналық көмек көрсетуде. Емдеу-диагностикалық үдерістер халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде.
Мекеменің жұмысымен жан-жақты танысқан Мәжіліс депутаттары орталықтың жалпы қызметіне оң баға беріп, медициналық ұжыммен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында медицина қызметкерлері өз салаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, соның ішінде медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістердің қажеттілігін атап өтті.
Алдағы уақытта аталған мәселелер мен ұсыныстарды мұқият зерделеп, Мәжіліс деңгейінде шешімдер қабылдау көзделген. Сондай-ақ, медициналық мекемелердің жұмысын жақсартуға бағытталған заң жобалары мен шаралар халықтың денсаулығын қорғау мен әлеуметтік жағдайын арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз. Осы ретте, депутаттар өз тарапынан қолдау көрсетіп, барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін әрдайым жұмыс істейтіндерін жеткізді. Бұл ретте, денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешу және мамандардың құқықтарын қорғау — елдің болашақ әл-ауқаты үшін маңызды болып табылады.