САПА – БАСТЫ НАЗАРДА

225

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков шаһардағы бірқатар нысандарды аралады. Әуелі, күзде жұмысын бастайтын Қаратау ауданындағы балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған ғимаратты көрді.
Жалпы ауданы 3060 шаршы метрді құрайтын орталық мүгедектігі мен психоневрологиялық ауруы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмек көрсетеді. Қала әкімі жауапты тұлғаларға нысан аумағын кешенді абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүргізуді, балалар алаңын салып, субұрқақ орнатуды, автотұрақ салуды тапсырды.
Аралау барысында А-2 айналма жолының 5,6,7-кезеңдерінің қайта құру жұмысы мен Д.Қонаев даңғылы жалғасының 5-кезеңінің құрылысын бақылады. Бұл жобалар жол инфрақұрылымын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Ғ.Сыздықбеков жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына сапаны бақылауды күшейтіп, құрылыс мерзімін сақтауды тапсырды.
Әрі қарай Абай ауданында Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмысын тексерді. Бұл шара су басу қаупінің алдын алу және тасқыннан келетін залалды азайту мақсатында жүргізіліп жатыр. Қала әкімі мердігерге жұмыстың сапасын төмендетпей, жеделдету қажет екенін ескертті. Жағалаудың тасқын кезіндегі жағдайын ескере отырып, сенімді қорғауды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сондай-ақ, шаһар басшысы Тұран ауданында «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеу нәтижесімен танысты. Қалпына келтіру жұмысы жауын-шашын кезіндегі қауіптің алдын алуға бағытталған. Қазіргі таңда инженерлік-құрылыс жұмысы толық аяқталды. 630 метр бөгет пен 158 метр апаттық канал бетондалды. Жарықтандыру құралдары мен бейнемониторинг жүйесі орнатылып, түбіне механикалық тазалау жүргізілді.
Аралау соңында Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол көпірінің күрделі жөндеу барысын, «Ұлағат» шағын ауданындағы кәріз желілерін қалпына келтіру жұмыстарын, Тіленшин көшесіндегі көлік өткелінің құрылысын бақылады. Сонымен қатар, Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысындағы сквер күтімі де назардан тыс қалмады. Жауапты басқармаларға жұмыстың сапасын, мерзімін және техникалық регламенттердің сақталуын қадағалап, анықталған кемшіліктерді уақтылы жою тапсырылды.

Шымкент келбеті