МОБИЛЬДІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ – ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ

120

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Еңбекші ауданында мобильді қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған мәселелерді ашық форматта тыңдап, нақты шешу жолдарын ұсыну. Бұл шара, сондай-ақ, тұрғындардың өздерін мазалаған сұрақтарды тікелей көтеріп, оларға жедел әрі тиімді шешімдер ұсынуға бағытталған.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Еңбекші аудандық филиал төрағасы Таймас Қамбатыров, атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков, қалалық мәслихат депутаты Альбина Елшиева, басқармалар мен аудан әкімдігінің жауапты мамандары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Қоғамдық қабылдау барысында тұрғындар өздерін мазалаған түрлі мәселелерді жеткізді. Олардың басым бөлігі инфрақұрылымға – елдімекен ішіндегі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты болды. Тұрғындардың айтуынша, көше бойында жүрген қаңғыбас иттердің көбеюі қала өміріне айтарлықтай кедергі келтіруде. Олар балалар мен егде жастағы адамдар үшін қауіп төндіріп, әсіресе кешкі уақытта тыныштықты бұзып, алаңдаушылық тудырады. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты бұл мәселе тұрғындардың ерекше назарында.

Тиісті сала мамандары әр азаматтың мәселесін жеке тыңдап, жедел шешім қабылданатын жағдайлар бойынша нақты шаралар қолданды. Ал уақыт пен зерделеуді талап ететін күрделі сұрақтар хаттамаға енгізіліп, арнайы бақылауға алынды. Мәселен, кейбір жолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру жұмыстары үшін қосымша құжаттар мен келісімдер қажет болғандықтан, олар арнайы комиссия қарауына жіберілді.

Жиын барысында партия өкілдері осындай қабылдаулардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Бұл – партия мен халық арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың мәселесін билікке тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді алаң болып табылады. Оған қоса, партия өкілдері халықтың пікірін үнемі ескеру арқылы, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге ұмтылатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері «AMANAT» партиясы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6651 өтініш келіп түскен. Оның 78 пайызы оң шешімін тапса, қалған сұрақтарға заң аясында жауап берілген. Бұл – партияның халыққа деген адалдығы мен жауапкершілігін айқын көрсететін көрсеткіш. Қоғамдық қабылдау шараларының нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен талаптары толықтай назарға алынып, олардың мәселелерін шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.