Басты Спорт Қазақстандық боксшылар халықаралық турнирде үш алтын алды
Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкайды еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Аталмыш турнирде қазақстандық үш былғары қолғап шебері чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Халықаралық турнирде Сәкен Бибосынов (52 келі), Серік Теміржанов (60 келі) және Құлахмет Тұрсынбай (75 келі) алтыннан алқа тақты.
Сәкен Бибосынов ақтық сайыста украин Игорь Солинскиймен қолғап түйістірді. Төрешілер шешімімен жеңіс біздің боксшыға бұйырды.
Ал Серік Теміржанов финалда Таиландтан келген Джунтронг Руджаукранмен шеберлік байқасқан еді. Бұл кездесуде біздің былғары қолғап шеберінің басымдығы айқын аңғарылды.
75 келіде сынға түскен Құлахмет Тұрсынбай шаршы алаңда ширақ қимылдай білді. Төрешілердің бірауыздан шешімімен ол поляк боксшысы Бартош Голебивскиді жеңді. Ақтық сайысқа шыққан тағы бір жерлесіміз Оразбек Асылқұлов соңғы сәтте сыр беріп қойды.
Ол Самуэль Кистохарриге жеңіліп қалды. Ал жартылай финалда украиналық қарсыласы Александр Меленюкке есе жіберген Сабыржан Бекбергенов қола жүлдеге қол созды. Аталмыш жарыста Серік Теміржанов турнирдің үздік ойыншысы атанды. Жалпы командалық есепте Қазақстан екінші орын алды. Бірінші орынға Ресей, үшінші орын Мажарстан құрамасы жайғасты.