«AMANAT» ПАРТИЯСЫ: IT ЛИЦЕЙДІҢ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ТЕКСЕРІЛДІ

122

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы кезекті зерделеу жұмысын жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – партияның 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында көзделген басым бағыттардың орындалуын бақылау және тиісті құрылыс жұмыстарының сапасын тексеру.

Зерделеу жұмыстарына Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев, Әл-Фараби аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бердіқұл Садықов, комиссия мүшелері Рүстем Ерменбеков, Эльмира Созақбаева және партиялық бақылау инспекторы Айжаркын Әбілдаева қатысты.

Жұмыс тобы Ө.Жәнібеков атындағы №9 IT лицейінің құрылыс алаңына барып, құрылыс барысымен танысты. Бақылау барысында мектеп ғимаратының сапасы, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігі, мердігер мекеменің келісімшарт бойынша алған міндеттемелерді орындау деңгейі және жұмыстардың белгіленген мерзімге сай жүргізілуі егжей-тегжейлі талқыланды.

Сонымен қатар, пайдаланылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы да басты назарға алынды. Бақылаушылар мектептің құрылыс жұмыстарында жоғары стандарттардың сақталуын қадағалап, құрылыс алаңындағы қауіпсіздік шаралары мен жұмысшылардың еңбек жағдайларын тексерді.

Жиын барысында оқушылардың санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсарту мақсатында болашақ мектеп ғимаратына душ кабиналарын орнату ұсынысы айтылды. Бұл бастама, әсіресе дене шынықтыру сабақтарынан кейінгі жағдайды ескере отырып, оқушылардың денсаулығы мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мектеп әкімшілігі мен құрылысшылар бұл ұсынысты қолдап, жоспарға енгізу үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

«AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды уәделерінің сапалы әрі уақытылы орындалуына ерекше мән береді. Білім беру саласын дамыту, заманауи оқу инфрақұрылымымен қамтамасыз ету – партияның басты басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын табады, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер қарастырылады.

Осындай шаралар арқылы партия қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетіп, тұрғындармен кері байланысты нығайтуға және өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосып келеді. Партияның мақсаттары мен жұмыстары қоғамның игілігіне қызмет етуге бағытталған, ал атқарылып жатқан жұмыстар қоғамның сенімін арттырып, болашаққа деген үмітін күшейтуде.