КИНО ДЕГЕН «НАН» ШЫҚТЫ

1493
Соңғы кездері «кино» деген нан шықты. Киноға қатысы бар адам да, қатысы жоқ адам да кино түсіргіш болып алды. Шоу-бизнестегілер ат-тұяғы қалмай түгел кино-индустрияға түрен салды. Олардан КВН-щиктер де қалысып тұрған жоқ. Нұрланы бар, Нұртасы бар, жылына кемі бір кино түсіреді. Былай қарасақ, бұл бір жағынан дұрыс та секілді. «Нешетүрлі кино шықты. Киномыз көбейіп келе жатыр» деп мақтанғанға жақсы. Алайда көрермендердің талғамы не болады?
Жақсы кино жоқ емес. Соңғы жылдары жарыққа шыққан фильм­дерден Ермек Тұрсынов­тың «Жат», Ақан Сатаевтың «Биз­несмены», Рүстем Әбдіраш­тың «Алмас қылыш», Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Серік­бол Өтепбергеновтің «Шес­­той пост», Болат Қалым­бе­тов­­тің «Таланы» кинотеатрлардан көр­сетіліп, көрермендердің оң баға­сын алды. Алайда, шыны керек, қазіргі киноиндустрияда режиссерлерге қарағанда шоу-бизнестегілер мен КВН-щиктердің дәурені жүріп-ақ тұр.
Жастардың «Жат­ты» көріп, әңгіменің не туралы екенін түсінбей, «Талан­ды» көріп ой тұңғиығына батқанынан гөрі, «Құдаларды» көріп, қарқылдап күліп, «Бизнес в Африкені» тама­ша­лап, жырқылдап қайтқаны артығырақ. Киноның кілтін ұстағандар да соны біліп алған. Бүгінгі жастардың қабылдауына қандай оқиғаның өтімді, қандай диалогтың дәл келетінін, зерттеп біліп отыр. Кинотеатрларда кісі­ні кезекке тұрғызып, кинодан «нан» тауып жатқандар да солар.

Талғам деген қызық қой. Неге екенін, шоу-бизнес жұлдыз­дары­ның араласуымен түсіріліп жат­қан фильмдерге жұрттың аңсары ауып тұр. Ол жағынан көш ба­сын­да Баян Мақсатқызы тұр. Баян­ның продюсерлігімен «Осто­рож­но, корова» (реж.­А.Ұза­баев), «Ға­шық жүрек» (реж.А.Ұза­баев), «Ғашық жү­рек-2» (реж.­Ж.Поша­нов), «Сиси­тай» (реж.­Е.Нұр­­ғалиев) секіл­ді кино­лар жарық­­қа шықты.
Түсір­ген кино­сының саны жағы­нан Баянды бүгінде Әсел Сәдуа­қа­сова басып озып барады. Әсел­дің продю­сер­лі­гімен «Адель» (реж.­А.Бисем­бин), «За­муж за 30» (реж.­А.Бисембин), «5 при­чин не влю­би­ть­ся в казаха» (реж.­А.Ұза­баев), «Келинка тоже че­ловек» (реж. А.Ұзабаев), «Жена – не стена» (реж.А.Бисембин), «Клас­тас­тар» (реж.Е.Нұрғалиев) сияқ­ты фи­льм­дер көрерменге жол тартты. Қайрат Нұртас та олардан қалыс­пады. «Өкініш» (реж.­М.Ос­па­нов), «Арман. Когда ангелы спят» (реж.Р.Сүлейменов) сияқ­ты екі бірдей фильмді түсіре қойды.
Бұл топқа Төреғали Төрәлі мен Ерке Есмахан да қосыл­ды. Екеуі бір-бірімен жарыс­қан­дай былтыр бір айда ки­­­но­­­лары­ның тұсауын кесті. Тө­ре­ғали «Ұлы дала коме­диясын» (реж­­.­Д.Сәр­ке­нов), Ерке «Махаб­бат» кафесін» (реж.­А.Ұза­­баев) көп­шілікке ұсынды. «Бүр­кіт» деген лақап атымен танымал Айбек Женсейі­тов­т­ің «Логово», «Загадай жела­ния» фильмдері тағы бар.
Шоу-бизнестегілерден КВН-щиктер де қалысып тұрған жоқ. Олардың арасынан алғаш болып кино түсіруді қолға алған жайдар­ман­шы Шапағат Орынбаев еді. Оның атсалысуы­мен «25 теңге» (реж.Ш.Орынбаев), «Свои» (реж.Ш.Орынбаев), «Потому что Шымкентский» (реж.­Ж.Жан­қараев), «Ограбление по Шым­кент­ский» (реж.С.Жолдас), «Өмір-ай» (реж.Ш.Орынбаев), «ZOR» (реж.Ш.Орынбаев) секіл­ді фильмдер таспаланды.
Бұлардың арасынан қазір көш бастап тұрған – Нұртас Адам­бай мен Нұрлан Қоянбаев. Бұл екеуі де бәстесіп алғандай биыл бір уақытта жаңа кино­ла­рын жарқ еткізді. Нұртастың «Құдалар», Нұрланның «Бизнес по казахский в Африке» фильм­дері кинотеатрларда әлі күнге көрсетіліп жатыр. Нұртастың тікелей атсалы­суы­­мен осы уақытқа дейін «Ке­лин­­ка Сабина» (реж.­Н.Адам­бай), «Келинка Сабина-2» (реж.Н.Адам­бай), «Побег из аула. Опе­ра­ция Махаббат» (реж.­Н.Адам­бай), «Свадьба на троих» (реж.­А.Бисембин), «Тараз» (реж.­Н.Адам­бай), «Я – жених» (реж.­Н.Адамбай), «Лифт» (реж.­Н.Адам­бай), «Құдалар» (реж.Н.Адамбай) фильмдері жарық көрді. Осын­дағы «Свадьба на троих» филь­мі­нен басқасының бәрінде – өзі про­дюсер, өзі режиссер, тіпті сценарий авторы да өзі.
Нұрлан Қоянбаев та продю­сер ретінде бес бірдей фильмді көрерменге ұсынды. «Бизнес по казаxский» (реж.Ж.Момышев), «Бизнес по казаxский в Америке» (реж.Ж.Момышев), «Каникулы в Таиланде» (реж.А.Ниязбеков), «Бизнес по казаxский в Африке» (реж.А.Матжанов) секілді кино­ларды саңырауқұлақша қаптатты. Мұн­дай кинолар қатарына Ернар Нұрғалиевтің «Брат или брак» (прод.Қ.Анарбекова), Данияр Саидтің «Слепая любовь» (прод.­­С.Махмуди), Мейірхан Шер­ния­зов­тың «Регистратор», Ален Нияз­бековтың «Оралман из Пи­те­ра», Қайыржан Орын­бе­ков­тің «Огра­бление по казах­ский», Ас­қар Ұзабаевтың «Гла­мур для дур», Илхам Джалиловтің «Дочь Чингисхана в ХХІ веке» фильм­дерін қосуға болады.
Мұндай фильмдер қазір ай сайын шығып жатыр. Соның сал­да­рынан киноның жақсы-жа­ма­­нын таңдап, таразылай алмай­тын жағдайға жеттік. Бұры­ны­рақта әуесқой режиссер Еркін Рақышев «Жаралы сезім», артын­ша «Жетімдерді» түсіріп кинотеатрлардан көрсеткенде, «аспаз режиссер» деп ат қойып, газеттер сын садағының астына алатын. Киноның көптігінен бас ала алмай қалдық па, қазір кино­ны талдай алатын, жақсысы мен жаманының ара жігін ажыратып беретін сыншылар да қалмады. Бәрінің жазатыны – бәлду-бәл­ду, бәрі керемет. «Киномыз дамып келеді», «ғажайып дүние», «сұм­дық фильм» дегеннен әрі аспай­мыз.
Шынында солай ма? Кино санының көбейгені рас. Бірақ бұл киномыз жақсарды деген сөз емес. Зер салып қара­сақ, отандық фильмдер бүгінде «қазақстандық кино» және «қа­зақ киносы» болып екіге бөлі­ніп кеткені анық байқалады. Кино­театрларды басып алған отандық фильмдердің көбі – қазақстандық кино. Не қазақша емес, не орыс­ша емес, тіпті кей­бі­рін кино деп атауға аузың бара бермейтін осын­дай өнімдер көбейгені жа­сырын емес. Неге бұлай болды?
Себебі, өндірушілер өз тауа­рын түрлі жолдармен, түрлі амал­дар­мен көрерменге тықпалап-ақ жатыр. Әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерді зерттемей, зерделе­мей сол күйі комедияға айнал­ды­ра салды. Елге керегі де сол. Күлдірсе болды. Жанрын коме­дия деп жазып көрсетеді. Көріп оты­рып, жылағың келеді. Ауыл­дық­­тарды сауатсыз бейшара, қала­лықтарды мәдениетті қылып көр­сету кімге керек? Күйеуге шық­пай жүрген кәрі қыз, үй­ле­нер­ге қыз таппай жүрген сүр­бой­дақ жігіт, келінімен ата жау ене, алауыз ағайындар, қырылысқан құдалар… Бұларда қандай тәлім бар, тәрбие бар?
Совет заманында «өнердің ең биік туындысы – кино» деп баға­ла­натын. Тәуелсіздік алған ал­ғаш­­­қы жылдары да сондай көз­қарас болды. Ал қазір ше? Қазір­гі кинолар өнер болудан қал­ған секілді. Бүгінгі кино – көк­парға түскен көк серке. Жұл­ма­лап жан-жақтан тартқы­лап жатыр. Кино­ны бәрі қажетіне жарат­қы­сы ке­ле­ді. Мемлекет саясатын жүр­гі­з­у үшін идеология ретінде пай­да­­ланғысы келеді. Түрлі діни ұйым­дар да киноға ауыз сала бас­­тады. Жұлдыздар өздерін кино арқылы жарнамалағанға мәз.
Бұрынғы кинолар айтар ойы, берер тағылымымен құнды бола­тын. Солай бағаланатын. Ал қазір кім түсірген киносын жақ­сы­лап жарнамаласа, кино түсіру­ден кім көп табыс тапса, сол – мықты режиссер, керемет кино. Кино деген «нан» шықты деге­ні­міз де – осы. Бұрынғының ре­жис­сері тәлім­гер болса, қазір­гі­нің режис­сері – саудагер. Олар­ға киноның көрер­менге қалай әсер ететіні емес, қанша табыс әкеле­ті­ні ғана маңыз­ды.
Қазір тек кино ғана емес, өнер атаулының бәрі де кері кет­ті. Сахна киесінен айырылды. Театр­ларда көрсетіп жатқан қойы­­лымдарды көрсеңіз, дема­лып емес, тұншығып қайтасыз. Әдебиетіміздің де әл-дәрмені қал­мады. Кітап сөрелерінде әде­би кітаптардан гөрі, жұлдыз­дар жазған бақытты болудың жолы, байып кетудің сырын ашатын, мұқа­басы адам қызығарлық, па­рақ­тасаң пайдаға асырар дәне­гі жоқ дүниелер толып тұр. Жур­на­лис­тердің орнын пәтуасыз бло­гер­лер алмастырып жатыр. Тыңдап жүрген әндеріміздің сиқы анау. «Опмай-опмай, мыналарың қай­тед?» деп, басқаларды өлтіріп сы­на­ған болып, өзі де соны қай­та­лаған мәтінінде мән жоқ, әуе­­нінде әр жоқ қойыртпақ ән­дер­ге құлақ тұнды. Қайда ба­рар екен­біз?!
Серікбол ХАСАН