Басты Шымкент Шымкент әкімі қаладағы бірнеше ықшамауданды аралады
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардағы инженерлік инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалау мақсатында «Асар-2», «Ақжар» және «Достық» шағынаудандарына барып, құрылыс жұмыстарымен танысты, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы алдымен «Асар-2 шағынауданындағы жол құрылысы мен электр жарығымен қамту жұмыстарының барысын көріп, онда жергілікті тұрғындармен кездесті.
Қала әкіміне жауапты мамандар шағынауданды көркейту бойынша нақты атқарылған істер мен алдағы жоспарларды баяндады.
Бүгінде 11 мың адам тұратын «Асар-2» шағын ауданын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Одан бөлек, осы шағынауданда жалпы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын асфальтталған жол құрылысы жобаланған. Оның 4,9 шақырымы № 8 көшеден бастап А-2 автожолына дейінгі құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталады, ал қалғаны 2021 жылға дейін толығымен салынады.
Тұрғындармен кездесуде белгілі болғандай, биыл күзде жол құрылысы аяқталған соң шағынауданға қоғамдық көліктер де жүре бастамақ. Ал табиғи газға тоқталсақ, шағынауданда жобалау жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы жобалау жұмыстарын, 2021 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаға сәйкес 2765 тұрғын үй немесе 11 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етілмек.
Бұдан соң Шымкент қаласының әкімі Ақжар» шағынауданындағы құрылыс жұмыстарын аралап көрді.
Айта кетерлігі, жоспарға сәйкес, «Ақжардағы» 630 тұрғын үйді таза ауыз сумен қамту мақсатында 60 шақырымнан астам ауыз су жүйесі тартылады. Бұдан бөлек, «Достық» шағынауданында осы жылы ұзындығы 47 шақырым болатын электр желісі мен 110 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері тартылса, 2020 жылы газ құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысы басталады.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сапар барысында жауапты мамандарға шағынаудандардағы инфрақұрылымдық жүйелерді дамытуда құрылыс сапасына баса назар аударып, жұмыстарды жоспарға сай аяқтау керектігін тапсырды.